Вице-министр Қуандық Қажкенов жұмыс сапарымен Рудный қаласында болды
24.02.2025 01:40:26 110
Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Рудный қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар жүзеге асырылған тұрғын үй нысандарын аралады.
Сапар барысында вице-министр халықты сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат аясында салынған жаңа және қайта жөнделген тұрғын үй кешендерімен танысты.
Ең алдымен Топорков көшесі, 160 мекенжайында орналасқан 5 қабатты тұрғын үй қаралды. Бұл ғимаратта 22 пәтер бар, оның 18-і көпбалалы отбасыларға арналған кең көлемді төрт бөлмелі пәтерлер. Ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстарын «PRIME CONSTRUCTIONS» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізген.
Ол Сандригайло көшесі, 59 мекенжайындағы «Алтын дән» тұрғын үй кешеніне барды. Бұл тұрғын үй кешенінде 98 пәтер бар, оның ішінде 27 – бір бөлмелі, 71 – екі бөлмелі. Бұл кешенге зейнеткерлер, жетім балалар, толық емес отбасылар және бюджеттік сала қызметкерлері қоныстанған. Тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын «QAZAQSTAN CONSTRUCTION HOLDING» ЖШС жүргізді.
Сондай-ақ, сапар аясында «QC Holding» компаниясының «Аят» тұрғын үй кешенін қарап шықты. Бұл – 60 пәтерден тұратын заманауи алты қабатты тұрғын үй. Нысанда «QC Holding» компаниясы директорының орынбасары Нұрлан Күлшіков вице-министрге аяқталған жобалардың презентациясын ұсынып, қаладағы қазіргі құрылыс нысандарының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/941575