ҚР ИДМ ЖӘНЕ ҚР СІМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЭКСПОРТТЫ ІЛГЕРІЛЕТУ БОЙЫНША БІРЛЕСКЕН ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

ҚР ИДМ ЖӘНЕ ҚР СІМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЭКСПОРТТЫ ІЛГЕРІЛЕТУ БОЙЫНША БІРЛЕСКЕН ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

10.04.2025 18:42:39 286

ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек және ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов қазақстандық өнім экспортын шетелдік нарықтарға ілгерілету жөніндегі өзара іс-қимылды күшейту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Жоспар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша ҚР Үкіметінің 2017 жылы 3 ақпанда өткен кеңейтілген мәжілісінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді.

Экспорттық  және инвестициялық бағыттарды тығыз байланыстыру қажеттілігі жоспардың тұғырнамасына негізделген.  Бұл тәсіл Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан ұлттық экспорттық және инвестициялық стратегиялар үшін қарастырылған.

Жоспарды іске асыру әрбір тауардың айқындалған орнына қажеттілік дәрежесін және өтімділіктің әлеуетті нарықтарын тереңінен талдауға негізделетін болады. Бұл ретте, жоғары құн қосылған өнімдерге ерекше назар аударылады.

Ж.Қасымбек пен Қ.Әбдірахманов жоспардағы іс-шаралар екі министрліктің бүкіл әлеуетін іске қосуға мүмкіндік туғызады деп сенеді. Осы жұмысқа Қазақстанның шетелдегі мекемелері, сондай-ақ, келешекте құрылатын «Kazakh Export» экспортты ілгерілету жөніндегі ұлттық оператор белсенді түрде тартылатын болады. Оның негізгі міндеті қазақстандық тауарларды шетелдік нарықтарға шығаруда отандық өндірушілерге кешенді көмек көрсету.

Сондай-ақ, ҚР Сыртқы істер министрлігі жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жұмыс жоспарының қабылданғанын хабарлады. Бұл құжат еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін инвестициялық және экспорттық бағыттарда дамыту үшін министрліктердің күш-жігерін біріктіріп, үйлестіруге мүмкіндік береді.  

Source : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-ktrm/press/news/details/17064?lang=kk