АТЫРАУДА «ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ» КОДЕКС ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
11.04.2025 18:48:35 1641Атырау қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің Атырау қаласындағы көшпелі отырысы барысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасы талқыланды.
Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамедов, Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақов пен аймақтың шикізат өңдеу компаниясының өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары және т.б. қатысты.
Ісшараның негізгі мақсаты - «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасын, соның ішінде көмірсутегі шикізатын даярлау және пайдалану мәселелерін талқылау.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский атап өткендей, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасын дайындауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің алтыншы шақырылымы бірінші сессиясының ашылуы барысында және 2017 жылғы халыққа жолдауында айтылған тапсырмалары және де «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында 74 және 75-қадамдарды жүзеге асыру негіз болды.
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында өндіруші саланы ұлттық экономиканың негізгі бөлшегі ретінде реформалауды, сонымен қоса, Қазақстанның геологиялық барлау саласында әлемдік нарыққа шығу қажеттігін, ол үшін шикізатты пайдалану туралы заңды жеңілдету арқылы инвестициялар тарту қажеттілігіне баса назар аударған болатын.
Жер қойнауын пайдалану секторы еліміздің экономикасын айқындаушы болып табылады. Бүгінгі таңда республикадағы тау-кен және мұнай-газ секторлары бюджетті толықтырып отыр. Мәселен, бюджеттің 2/3 бөлігі тау-кен компанияларының табыстары есебінен құралады.
Кездесу барысында жерқойнауын пайдаланушылардың атынан жұмыс тобының шеңберінде заңнамалық реттеуді талап ететін Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекс жобасының кейбір мәселелерін шешу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Еске сала кетейік, Кодекс жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарымен қарастырылуда.
Source : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-ktrm/press/news/details/22474?lang=kk