Үш жылға жуық уақыттан кейін: Абай облысында сотталған әйел балаларын алғаш рет бейнеқоңырау арқылы көрді
30.06.2026 19:31:12 344
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде сотталған әйелге балаларымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесуге мүмкіндік жасалды. Ол өз қыздарын үш жылға жуық уақыт көрмеген.
Астана қаласының 35 жастағы тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Бұған дейін ол Абай облысындағы әйелдер колониясында жазасын өтеген. Онда қоғамдық өмірге белсенді қатысып, түрлі іс-шараларға араласқан. Үлгілі тәртібі үшін ол жазасының қалған бөлігін өтеу мақсатында ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылған.
Мекеме қызметкерлерімен әңгіме барысында әйел өзінің сегіз және бес жастағы екі қызы бар екенін айтты. Оның айтуынша, ең ауыр сынақ — балаларынан ұзақ уақыт жырақта болу.
— Мұнда келгенде мен үшін ең ауыр нәрсе — балаларымның жанында бола алмау еді. Осы уақыт бойы олармен тек таксофон арқылы ғана сөйлестім. Балаларым мені мекеме қабырғасында көрмесе екен деп ойладым, солай олар үшін жеңілірек болады деп санадым. Қазір олар мені ұзақ іссапарда жүр деп ойлайды. Осы уақыт ішінде балаларым қатты есейіп кетті. Үлкен қызым мектепке барды — бұл әр ана үшін ерекше әрі маңызды сәт. Өкінішке қарай, мен сол күнде жанында бола алмадым. Балаларымның қалай өсіп жатқанын тек туыстарым әкеліп берген фотосуреттер арқылы ғана көрдім. Сол суреттерге қайта-қайта қарап, олардың күлгенін, менімен сөйлескенін, құшақтағанын елестететінмін, — дейді сотталған.
Мекеме қызметкерлері сотталған әйелге қолдау көрсету мақсатында оның балаларымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесуін ұйымдастырды. Экраннан қыздарының жүзін көрген сәтте әйел көз жасын тыя алмады.
— Экраннан оларды көрген кезде жүрегім тоқтап қалғандай болды. Қыздарым қатты өсіп кетіпті... Мен олардың көздеріне, күлкісіне қарап, шынымен көріп тұрғаныма сенбей тұрдым. Әңгімеміз ұзақ болған жоқ, бірақ мен үшін бұл соңғы жылдардағы ең қымбат минуттар болды. Балаларыма деген махаббат маған күш береді. Бостандыққа шыққаннан кейін оларға қайта оралып, бәрін жаңадан бастауға тырысамын. Енді оларды ешқашан жерге қаратпауға уәде беремін. Бұл кездесу маған үлкен үміт пен күш сыйлады, — деді ол.
- Сотталғандардың отбасымен байланысын сақтау олардың түзелуіне маңызды әсер етеді. Отбасының қолдауы әр адам үшін маңызды, әсіресе бас бостандығынан айырылған жандар үшін. Осындай бейнебайланыстар сотталғандардың жақындарымен қарым-қатынасын үзбеуіне мүмкіндік береді. Бұл олардың моральдық тұрғыдан қолдау табуына, сондай-ақ түзеліп, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне үлкен мотивация береді,— деді мекеме бастығының орынбасары Рүстем Берлібеков.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұндай кездесулер сотталғандардың отбасымен байланысын сақтауға көмектесіп, олардың жаңа өмір бастауға деген сенімін нығайтады.
Источник информации : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisabai/press/news/details/1230789?lang=ru