ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНА АВТОБУС ҚАТЫНАЙДЫ

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНА АВТОБУС ҚАТЫНАЙДЫ

10.04.2025 21:24:05 539

«Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылдың 20 наурызындағы халықаралық автомобиль байланысы туралы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу Хаттамасының ратификациясы туралы» тиісті заң жобасының ратификациясын депутаттар ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолаушылар тасымалдайтын автобустың болмауы шекарадан өтуде қолайсыздық тудырады»,- деді құжатты таныстырған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, тұрақты, тұрақты емес және автомобиль көлігімен жолаушыларды транзиттік тасымалдау үшін Хаттамамен құқықтық норма белгіленеді.

«Хаттама сауда-экономикалық байланысты дамытуға оң серпін береді. Сонымен қатар, халықтың қатынауын арттыруға және екіжақтың қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді. Хаттама күшіне енгеннен кейін екі елдің ірі қалалары арасына тұрақты автобус бағыттары ашылады. Біздің жоспарымыз бойынша, бағыттар биыл жыл соңына дейін ашылатын болады»,-деп атап өтті министр.

Ведомства басшысы айтқандай, әрбір жолаушы тасымалдаушы үшін бір бағытта бес жыл жұмыс істеу құқығы беріледі.

«Халықаралық автобустық тасымалдауды ұйымдастыру кезінде екі тарап тасымалдаушылардың нақты бағытын анықтайды. Ол өзбек тарапынан да, қазақ тарапынан да тасымалдаушылар саны тең болмақ. Ондай бағыттар бір тәулікте он шақты болуы мүмкін. Мысалы, кесте бойынша автобустар сағат сайын жүреді. Ондай тасымалдаушылар әр тараптан бес-бестен немесе оннан болуы мүмкін. Ол қажеттілікке байланысты шешіледі. Дегенмен, әрбір жолаушы тасымалдаушға бір бағытта бес жыл жұмыс істеу құқығы беріледі»,- деді Ж. Қасымбек

Министр аталған шаралардың тасымалдаушы үшін өте маңызды екенін және олардың несие алуына, жаңа техникалар сатып алуға мүмкіндік беретін кепілі, сондай-ақ ертеңгі күні осы тасмалдау бағытынан айырылып қалмайтынына сенімді болуы үшін жасалып жатқанын айтты. Өйткені, оның қолында бес жылға арналған келісім-шарт болады.

«Банктер бұл шарттарды қосымша кепіл ретінде қарастыратын болады. Бізде Ресеймен 45 түрлі тасымалдаушы жұмыс істейді. Өзбекстан бағыты бойынша, әр тараптан шамамен оншақты немесе одан да артық тасымалдаушы болады, деп ойлаймыз»,-деді Ж.Қасымбек.

Ақпарат көзі: https://www.zakon.kz <https://www.zakon.kz/

Source : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-ktrm/press/news/details/17672?lang=kk