ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЛОГ-ТУР ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЛОГ-ТУР ӨТТІ

19.05.2025 00:08:45 418

2025 жылдың 9–11 мамыр күндері аралығында Шымкент қаласының туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған кезекті ақпараттық блог-тур ұйымдастырылды. Дәстүрлі түрде өтетін бұл шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан елдерінен және Қазақстанның әр өңірінен келген 30-ға жуық танымал travel-блогерлер қатысты.

Үш күнге созылған тур барысында қатысушылар Шымкенттің тарихи-мәдени нысандарын аралап, қаланың қазіргі заманауи келбетімен және бай рухани мұрасымен танысты. Делегация мүшелері Сайрам тұрғын-алабындағы көне кесенелерді, «Shym-Qala» тарихи-мәдени кешенін, Тәуелсіздік саябағы мен Ордабасы алаңын, Қошқар ата өзенінің жағасын және «Қылует» этнографиялық музейін аралады.

Сондай-ақ блогерлер Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайда, Абай саябағында, Бейсбековтер отбасының «Алтын Орда» галереясында және Сейітжан қари Есжанұлы мешітінде болды. «Бәйдібек би» монументі, дендрологиялық саябақ және Шымкент зообағы да тур бағдарламасына енгізілді.

Үшінші күні қатысушылар Қазығұрт тауының етегіндегі киелі «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» мекеніне барды. Тур табиғаты көркем «Alma-Tau» демалыс аймағында жалғасты.

Бұл шара – Шымкент қаласының халықаралық аренадағы туристік беделін нығайтатын маңызды қадам. Қатысушылардың пікірінше, бұл блог-тур туризмді дамыту мен мәдени ынтымақтастықты арттыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Source : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-turizm/press/news/details/994166?lang=kk