Enbekshi QazaQ

Жаңалықтар

Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті 30.06.2026
Армия орталық спорт клубында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған XXIX халықаралық бокс турнирі аяқталды.Чемпиондық белбеу сынға түскен шаршы алаңда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 130 былғары қолғап шебері бақ сынасты.         Турнирдің құрметті қонақтары қатарында ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейнов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Әскери-қолданбалы спорт түрлері федерациясының президенті Болат Байжан, Nomad Wrestling ұйымының президенті Мақсат Қиқымов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қанат Ислам болды.          Жарыстың жабылу рәсімінде турнирге қатысушыларды ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов құттықтады. – Халықаралық бокс турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтей көрнекті қолбасшыны жадымызда сақтап, еске алуға арналған сайыс. Жекпе-жек барысында сіздер нағыз жауынгерге тән күш-жігерді, төзімділік пен жеңіске деген ерік-жігерді көрсеттіңіздер.      Турнир спорттық дәстүрлерді нығайтып, шеберлікті шыңдауға ықпал еткен маңызды шара болды, – деп атап өтті ол.Командалық есепте Қазақстан құрамасы 9 алтын, 9 күміс және 17 қола медаль олжалап, бірінші орын еншіледі. Өзбекстан құрамасының қоржынында бір алтын және бір күміс медаль болса, Тәжікстан спортшылары екі қола жүлде, ал Қырғызстан құрамасы бір қола медаль иеленді.         Сайыстың қорытындысы бойынша АОСК өкілдері Сәкен Бибосынов (55 келіге дейін) пен Бекнұр Батырбек (85 келіге дейін), сондай-ақ еліміздің атынан сынға түскен Ернар Қарап (50 келіге дейін), Асылжан Серікбай (60 келіге дейін), Абзал Серік (65 келіге дейін), Ернұр Сүйінбай (70 келіге дейін), Еркебұлан Шайкенов (75 келіге дейін), Нұрқанат Райыс (80 келіге дейін) және Думан Нұржан (90 келіге дейін) чемпион атанды. Ал 90 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Мадияр Сайдрахимов жеңіске жетті. Турнир шаршы алаң шеберлеріне қарсыластарының техникасын бағалап, тактикалық дайындық деңгейін арттыруға және спорттық рухты нығайтуға мүмкіндік берді. Аталмыш шара қазақ халқының дара перзенті Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін ұлықтауға, спортты насихаттауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.    Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1231051?lang=ru
Бішкекте ШЫҰ Даму банкін құру мен қаржылық ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды 30.06.2026
Таяуда Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының іс-шаралары өтті, оның шеңберінде ШЫҰ Даму баннкін құру, мүше мемлекеттердің қаржылық өзара іс-қимылын кеңейту және көпжақты ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Бұл басқосуға Қазақстан атынан ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил қатысты. Қатысушылар болашақ қаржы институтын қалыптастыру, сондай-ақ қаржы саласын қаржыландыру мен цифрландырудың заманауи құралдарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.Атап айтқанда, ШЫҰ Даму банкін құру мәселесіне арналған үшінші консультативті кездесу өтіп, оның барысында Дәурен Маратұлы тәуелді қаржыландыру, жергілікті валюталар мен балама құралдарды пайдалану арқылы жарғылық капиталды қалыптастыру, сондай-ақ штаб-пәтерді орналастыру бағытында талаптарды айқындаудың маңыздылығын атап өтті.Өз кезегінде қатысушылар ШЫҰ Даму банкін құрудың мән-маңыздылығы мен көпжақты консультациялық процесті ілгерілетуге бейіл екендерін тағы да растады. Бұдан бөлек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының кездесуі де өткенін айта кетейік. Оның барысында қаржылық өзара іс-қимылды кеңейту мен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыру мәселелері қаралды. Сонымен бірге басқосуда заманауи халықаралық қаржы жүйесінің, сондай-ақ мемлекеттік қаржыны цифрландырудың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды.Осы орайда Д.Кеңбеил технологиялық тұрғыда дербес әрі инновациялық мемлекет моделіне көшуге бет Қазақстанның қаржы жүйесін дамытудағы негізгі бағыттарын таныстырды. Әсіресе мемлекеттік қаржы жүйесін цифрландыру мен тұңғыш рет Қытай қор нарығына панда-облигацияларының сәтті шығарылымына ерекше назар аударылды.Кездесудің қорытындысына сәйкес ұйымға кіретін мемлекеттердің өкілдері серіктестікті одан әрі дамытып, өзара тиімді мақсаттарға бірлесіп қол жеткізуге мүдделі екендерін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1231052?lang=ru
Алматы облысында «Достық үйінің» іргетасы қаланды 30.06.2026
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облыстық «Достық үйі» ғимаратының құрылысы басталды. Өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды жобаны жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен бірге ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, Қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері қатысты. Қазіргі таңда өңірде 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облыста тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаны қолға алып, өзара татулық пен сенімді арттыруға қызмет етуде. Сондықтан бұл «Достық үйі» аталған құрылымдардың басын біріктіретін қара шаңыраққа айналмақ. Мұнда олардың нәтижелі жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, жастар бастамаларын қолдауға, пікір алмасуға, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптасады.Аймақ басшысы өз сөзінде «Достық үйі» құрылысының басталуы облыс үшін тарихи маңызы зор, айтулы оқиға екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылы өткен ХХХІV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге асуына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне мол мүмкіндіктер ашылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 930,3 млрд теңге болатын 120 жоба пайдалануға беріліп, оның аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіпкерлеріміз бүгін «Достық үйін» өз қаражаттары есебінен салуға қолдау білдіру арқылы ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулықтың ордасына айналады деп сенемін», – деді Марат Елеусізұлы.«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша төрағасы Вера Плетнева жаңа ғимарат жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. «Бүгін бәріміз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан 100-ден астам этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктіріп, шынайы достықтың жаршысы болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Біздің басты мақсатымыз – татулықты ту етіп, еліміздің дамуына үлес қосу. Ал Алматы облысында «Достық үйінің» бой көтеруі біздің жұмысымызға серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға септігін тигізеді. Әсіресе Ассамблея жастарына үлкен үміт пен жігер сыйлайды», – деген ол облыс әкімдігі мен жобаға ұйытқы болған кәсіпкерлерге алғыс айтты.Нысан 2 қабатты, 1 блоктан тұрады. Жоба бойынша этно-мәдени орталықтар мен бірлестіктер кабинеттері, 56 орынды конференц-зал, 300 орынды мәжіліс залы салынады. Сондай-ақ ғимарат алдына биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыр орнатылады. Нысан құрылысы үш ай бойы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231057?lang=ru
ЕАЭО елдерінің басшылары ЖИ-ды жауапты дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені қабылдады 30.06.2026
Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форум алаңында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені қабылдады.Аталған құжатты әзірлеу бастамасын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 21 желтоқсанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында көтерген болатын. Бұл ұсыныс ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы тарапынан қолдау тапты.Бірлескен мәлімдеме ЕАЭО елдерінің жасанды интеллект саласындағы практикалық ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, озық практикалар мен технологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ экономика салаларында өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған. Бүгінде ЖИ тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторы болып отыр. Құжатта елдердің ұлттық цифрлық егемендігін ескере отырып, экономикалық және технологиялық әріптестікті дамыту мәселелері де қарастырылған.Қазақстан цифрлық дамуды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Жасанды интеллект экономикалық өсудің, өнімділікті арттырудың және бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырылады.Елде цифрлық технологияларды жан-жақты дамыту саясаты және жарияланған Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында, Астанада ЕАЭО шеңберінде Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы Қазақстан Республикасының ілгерілетіп жүрген цифрлық күн тәртібінің өзектілігін көрсетеді.Жалпы, құжат ЕАЭО аясында ЖИ технологияларын жауапты пайдалану қағидаттарын айқындайды. Бірлескен мәлімдеменің негізгі міндеттеріне тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, ЕАЭО мемлекеттерінің экономикасының негізгі салаларын цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектіні кемсітусіз әрі этикалық тұрғыдан қолдану, сондай-ақ мүше мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1231070?lang=ru
Астанада ЕАЭО мен Орталық Азия елдері аккредиттеуді цифрландыру мәселесін талқылады 30.06.2026
Қазақстан астанасында Дүниежүзілік аккредиттеу күніне орай «Инновациялар, сенім және тұрақтылық: аккредиттеудің ықпалы» атты халықаралық форум өтті.Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдарының өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан мен Қытайдан келген делегаттар қатысты.Форумда сәйкестікті бағалау үдерістерін цифрландыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Еуразияның ортақ нарығындағы өнім сапасын бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова сөз сөйлеп, аккредиттеудің бүгінде техникалық рәсім шеңберінен шығып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, халықаралық сауданы дамытудың және тұтынушылар құқығын қорғаудың маңызды тетігіне айналғанын атап өтті.«Аккредиттеу бұрыннан бері сәйкестікті бағалаудың техникалық құралы ғана емес. Ол халықаралық сауданың, инвестициялық тартымдылықтың және мемлекеттің экономикалық орнықтылығының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Әрбір сертификаттың, сынақ хаттамасының және стандарттың артында адамдардың қауіпсіздігі, өмір сапасы мен тұтынушының сатып алған өніміне деген сенімі тұр. Халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, біз бақылаудан тәуекелдерді басқаруға және цифрлық қадағалауға негізделген жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшіп келеміз», – деді Айжан Бижанова.Қазіргі таңда Қазақстанда 1700-ден астам аккредиттелген субъект жұмыс істейді. Ұлттық аккредиттеу жүйесі тұрақты түрде дамып, ауқымын кеңейтіп келеді.Биыл Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдары басшылары кеңесіне төрағалық етіп, өзара сенімге негізделген бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру бастамаларын ілгерілетуде.Форум барысында жабдықтары цифрлық жүйемен біріктірілген Smart Labs зертханаларын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Заманауи технологиялар сынақ нәтижелерін автоматты түрде жіберуге, көрсеткіштерді оператордың қатысуынсыз тіркеуге, барлық әрекеттің цифрлық ізін сақтауға және адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директоры Искандер Хамитов өңір елдері сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану мен сенім қалыптастыру бағытында ортақ ұстанымдарға бет бұрып отырғанын айтты.«Қазақстан ұлттық аккредиттеу жүйесін дамыту, үдерістерді цифрландыру және халықаралық деңгейдегі сенімді нығайту жөнінде ауқымды міндеттер қойып қана қоймай, оларды нақты іске асырып келеді. Ашық ынтымақтастық пен сәйкестікті бағалаудағы бірыңғай тәсілдер ғана ЕАЭО кеңістігінде тұрақты әрі бәсекеге қабілетті ортақ нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», – деді Искандер Хамитов.Форум соңында отандық сапа инфрақұрылымының халықаралық деңгейде танылуына және қазақстандық сертификаттарға деген сенімнің артуына үлес қосқан сала мамандары марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1231075?lang=ru
Конституциялық Сотта Қазақстандағы саяси-құқықтық реформалардың дамуы талқыланды 30.06.2026
Қазақстандағы конституциялық реформалар Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимованың Францияның халықаралық қатынастар институтының (IFRI) негізін қалаушы әрі президенті, сондай-ақ Дүниежүзілік саяси конференцияның төрағасы француз саясаттанушысы Тьерри де Монбриальмен кездесуінің негізгі тақырыптарының біріне айналды.Кездесу барысында тараптар конституциялық сот төрелігін дамытудың заманауи үрдістерін, мемлекеттік институттарды жетілдіру мәселелерін және саяси-құқықтық реформаларды одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.Әңгіме барысында Қазақстанның конституциялық өзгерістер саласындағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Эльвира Азимова Ата заңды реформалау жөніндегі жұмыстар, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның рөлі және жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің қоғам тарапынан қабылдануы туралы айтып берді. Оның айтуынша, әділеттілікке деген сұраныс, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен құқық үстемдігін нығайту қоғам үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді.Тьерри де Монбриаль Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту тетіктеріне қызығушылық танытты. Талқылау барысында мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, билік тармақтарының өзара іс-қимылы, саяси лауазымдарға тағайындау ерекшеліктері, сондай-ақ қоғамдық диалог алаңы ретіндегі Ұлттық құрылтайдың қызметі сөз болды.Кездесу қорытындысында тараптар заманауи құқықтық және саяси институттарды дамыту мәселелері бойынша сараптамалық пікір алмасуды жалғастыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1231078?lang=ru
Атырау облысында 12 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр 30.06.2026
Жаңа мәдениет үйлері Құрманғазы ауданындағы Көптоғай, Бірлік, Азғыр, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Миялы, Жангелдин, Мұқыр, Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон, Ақкиізтоғай, Қосшағыл және Исатай ауданындағы Нарын ауылдарында салынып жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Соңғы жылдары өңірде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылдан бері облыста 14 жаңа мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, 54 мекеме күрделі және орташа жөндеуден өтті.Өңірдегі ірі жобалардың қатарында Атырау қаласында бой көтеріп жатқан 1200 орындық концерт залы мен жаңа тарихи музей ғимараты бар. Сондай-ақ бұрынғы «Неке сарайы» ғимараты қайта жаңғыртылып, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің иелігіне беріледі.Қазір облыста 242 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Салада 3 мыңнан астам маман еңбек етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231143?lang=ru
Шет мемлекеттердің әскери қызметшілері тілдік курстарды аяқтағаны туралы сертификаттар алды 30.06.2026
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті шетелдік тыңдаушылар үшін қазақ және орыс тілдері бойынша қарқынды курстар ұйымдастырды.Курсты тәмамдаған түлектерге сертификаттар табыстау рәсіміне АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт, Францияның Қазақстандағы елшілігі жанындағы әскери атташе полковник Робер Аземан және Түркияның Қазақстандағы әскери атташесі полковник Муждат Бекташ шақырылды. Салтанатты іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов қарсы алды. Ол оқытушылар құрамына кәсібилігі мен оқыту әдістемесін терең меңгергені үшін шынайы алғысын білдірді. Соның арқасында тыңдаушылар оқу бағдарламасын табысты игергенін атап өтті.– Тілдік даярлық – заманауи әскери қызметшіні қалыптастырудың ажырамас бөлігі. Тілдік курс олардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен бірге халықаралық деңгейде тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, өзара құрмет пен сенімге негізделген сындарлы диалог орнатуға ықпал етеді, – деп атап өтті ол.Өз кезегінде АҚШ Елшісі Джули Стаффт университет басшылығына оқытуды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол майор Эбигейл Блаунт Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде тілдік бағдарламаны меңгерген АҚШ Қарулы күштерінің алғашқы әскери қызметшісі екенін атап өтті. Елшінің пікірінше, бұл оқиға әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілі бойынша қарқынды курстардан Түркияның әскери қызметшілері – аға лейтенанттар Демир Каан, Нусрет Кодор, шебер-сержант Сердар Бинзеофицер және Франция Қарулы күштерінің офицері майор Фредерик Галлуа білім алды. Сонымен қатар Түркияның үш әскери қызметшісі қазақ тілі бойынша курстық бағдарламаны меңгерді. Олар – аға лейтенанттар Вахит Эльалмыш, Мелих Балкаш және аға сержант Хусейн Эфе.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1231148?lang=ru
«Өрт-2026»: Ұлттық ұлан төтенше жағдай кезіндегі дайындық деңгейін көрсетті 30.06.2026
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері Қостанай облысында өткен «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. Ауқымды іс-шара табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою кезіндегі өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталды. Жиынның алғашқы күні Қостанай қаласындағы «I-Qostanai» смарт-орталығы базасында құқықтық тәртіп әскері өкілдерінің қатысуымен Республикалық жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Практикалық кезең Қостанай облысы Алтынсарин ауданындағы Аманқарағай орманшылығы аумағында өтті. Республиканың бірнеше өңірінде өтіп жатқан оқу-жаттығуға Ұлттық ұланның МИ-171Е тікұшағы және 20 шақты әскери техникасы мен 200-ге жуық әскери қызметшісі жұмылдырылды. Олар өзге де күштік құрылымдардың өкілдерімен бірге орман өрті кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтады. - Біз тікұшақ арқылы өрт ошақтарын анықтау, әуеден сөндіру және жедел әрекет ету іс-шараларын көрсеттік. Осындай оқу-жаттығулар төтенше жағдай кезінде күштік құрылымдар мен қызметтердің бірге үйлесімді жұмыс істеуіне әсер етеді, - деді Ұлттық ұлан әуе кемесінің командирі капитан Ақыл Тілеуберген. Жалпы оқу-жаттығуға орман шаруашылығы, табиғат қорғау, құқық қорғау және өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері мен әскерилер тартылды. Сондай-ақ аумақтық қорғаныс күштері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтері қатысты. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1231155?lang=ru
Қазақстандық кәсіпкерлер Нью-Йоркпен ынтымақтастық географиясын кеңейтуде 30.06.2026
Нью-Йорк, 2026 жылғы 31 мамыр – Қазақстандық бизнес өкілдерінен құралған делегация АҚШ-та өтіп жатқан  International Franchise Expo 2026 халықаралық франчайзинг көрмесіне қатысу, сондай-ақ америкалық іскерлік және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізу мақсатында АҚШ-қа келді.Делегация құрамына қоғамдық тамақтандыру, агротехнологиялар, жарнама, полиграфия және визуалды коммуникациялар салаларында қызмет ететін қазақстандық компаниялардың басшылары мен құрылтайшылары кірді.Сапардың негізгі мақсаты – қазақстандық брендтер мен франшизаларды Америка нарығында ілгерілету мүмкіндіктерін зерделеу, әлеуетті серіктестер мен инвесторларды іздеу, АҚШ-та бизнес жүргізудің озық тәжірибелерімен танысу, сондай-ақ халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамыту.Сапар аясында ҚР-дың Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығында делегацияның АҚШ-та табысты кәсіпкерлік қызмет жүргізіп жүрген қазақстандық бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуі өтті.Кездесу барысында қатысушылар америкалық нарық жағдайына бейімделу тәжірибесімен және ұсынымдарымен бөлісіп, Қазақстан мен АҚШ кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.Бағдарламаның негізгі іс-шарасы Нью-Йорктегі Javits Convention Center көрме кешенінде өтіп жатқан International Franchise Expo 2026 көрмесіне қатысу болды. Қазақстандық компаниялар өздерінің франчайзингтік тұжырымдамалары мен бизнес-модельдерін таныстырып, әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ халықаралық жетекші франчайзингтік брендтердің тәжірибесімен танысты.Қазақстандық компаниялардың осындай іс-шараларға қатысуы отандық брендтерді шетелде ілгерілетуге, елдің экспорттық әлеуетін дамытуға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.Анықтама: International Franchise Expo франчайзинг саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Ол жыл сайын әлемнің ондаған елдерінен франчайзерлерді, инвесторларды, консультанттарды және кәсіпкерлерді біріктіреді. Көрме қатысушыларға іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және жаңа бизнес-тұжырымдамаларды таныстыруға кең мүмкіндіктер ұсынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1231171?lang=ru
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Камбоджа Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы 30.06.2026
2026 жылғы 29 мамырда Камбоджа Корольдігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінде Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы және қоса атқарушы ретінде Камбоджа Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қанат Тумыш пен Камбоджа Корольдігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің міндетін атқарушы Еат Сопхеа ханым Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Камбоджа Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.Тараптар екіжақты қатынастардың дамуындағы ілгерілеуге қанағаттанушылықтарын білдіріп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайту және кеңейту жөніндегі өз міндеттемелерін қайта растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hanoi/press/news/details/1231173?lang=ru
Халықаралық балаларды қорғау күні 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Балалар өмірімізге мән беріп, қуанышқа толтырады. Олардың шынайы күлкісі мен пәк жүректері бізді жақсылыққа жетелеп, болашақтың қамын ойлауға ынталандырады. Барша балаға – бақытты балалық шақ, ал ата-аналарға әр сәттен ләззат алуды тілейміз! Балаларды қорғау күні мерекесі құтты болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-zaysan-saryterek/press/news/details/1231181?lang=ru
Халықаралық балаларды қорғау күнімен! 30.06.2026
“KazAID” агенттігі сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтайды!Барша балаларға зор денсаулық, шаттыққа толы балалық шақ, жарқын болашақ және бақыт тілейміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazaid/press/news/details/1231189?lang=ru
Аймақ басшысы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарымен кездесті 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашевамен кездесті. Кездесуде тараптар өңірдің өнеркәсіп саласын дамыту, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және өндірістік кәсіпорындарды қолдау мәселелерін талқылады. Аймақ басшысы қормен бірлескен жобаларды жалғастырудың маңызын атап өтті.Өз кезегінде Жанар Шатырханқызы қор алдағы уақытта да кәсіпорындарды жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы қолдай беретінін жеткізді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын іске қосу және қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды жандандыру жайы да қарастырылды. Әріптестік байланысты одан әрі нығайтудың, бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.Айта кетейік, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен және қаржыландыруымен өңірде бірқатар ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Ayna Glass» ЖШС айна шығару зауыты, «Qazaq Camel» ЖШС түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты, сол жағалаудағы «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС екі шағын өнеркәсіптік аймағы, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бағытындағы инвестициялық жобалар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231212?lang=ru
01.05.2026 жылғы жағдай бойынша "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында қаражат қалай пайдаланылды 30.06.2026
    2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап нысаналы жинақ алу бойынша 297 895 өтініш орындалып, жалпы сомасы 53,09 миллион АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылды. Олар, өз кезегінде, қаражатты 18 жасқа толған өтініш беруші азаматтардың банктік шоттарына есептейді. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 33,39 млн АҚШ долларына 187 597 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 19,70 млн АҚШ долларына 110 298 өтініш қанағаттандырылды.Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін ғана пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған сома нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (32,72 млн АҚШ долларына 183 436 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 232,77 мың АҚШ долларына 1425 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 156,59 мың АҚШ долларына 989 өтініш.Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (18,51 млн АҚШ долларына 101 899 өтініш орындалды), білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру (801,29 мың АҚШ долларына 5 796 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге (308,59 мың АҚШ долларына 2 075 өтініш орындалды) төлем жасау. Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы - 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын.18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі.Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балада барлық жинақталған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық кірісті қоса алғанда) :- үшінші жыл - 370 доллар 56 цент;- екінші жыл - 263 доллар 93 цент;- бірінші жыл қатысып отырған баланың шотында 130 доллар 71 цент. 18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН бойынша,  eGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ eGov Mobile және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында тексере алады. Егер балаларға 2025 есепті жылы есептелген нысаналы талаптар туралы ақпарат көрсетілмесе, онда мобильді қосымшалардағы құжаттарды төменде көрсетілген жолмен жаңарту қажет:eGov Mobile қосымшасында: "Цифрлық құжаттар" - "Отбасы" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер";екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында, мысалы Kaspi.kz: "Мемлекеттік қызметтер " - "Барлық құжаттар" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер". Ағымдағы жылы 18 жасқа толған немесе толатын балаларға есептелген нысаналы талаптар туралы мәліметтердің заңды өкілдің жеке кабинетінде көрсетілмеуі нысаналы талаптардың нысаналы жинақтарға (НЖ) айналуына байланысты. Осыған орай, есептелген қаржы туралы ақпаратқа қол жеткізу құқығы тікелей НЖ алушыға, яғни 2026 жылы 18 жасқа толған немесе толатын азаматқа беріледі. Аталған азаматтар НЖ туралы ақпаратты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры интернет-ресурсындағы немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс. Ал 18 жасқа толғаннан кейін НЖ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында алу үшін уәкілетті операторға жүгініп, АҚШ долларымен банктік шот ашып, онлайн-өтініш беруі қажет.Бүгінгі күні уәкілетті операторлар:"Отбасы банкі" АҚ (тұрғын үй және білім алу ақысын төлеу),"Халық банкі" АҚ (білім алу ақысын төлеу),"Банк ЦентрКредит" АҚ (білім алу ақысын төлеу). Нысаналы талаптарға қатысушы кәмелетке толмаған балалар және нысаналы жинақтарды кәмелетке толған алушылар бойынша, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады.kids.enpf.kz сайтында Бағдарламаның шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулықтар алып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап алуға болады. БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында осы тақырып бойынша бейне нұсқаулықты көруге болады: «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ж.Б. Құрмановтың бейнетүсініктемесі:          «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры М.Т. Шәріповтың бейнетүсініктемесі:«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша«Сұрақ-жауап» бейнетүсініктемесі: «Ұлттық қор – балаларға» сайты бойынша нұсқаулық:«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру туралы нұсқаулық:  БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1231219?lang=ru
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдеріндегі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау 30.06.2026
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты қызметінде ерекше орын алады. Отбасылық қатынастарға, алименттік міндеттемелерге, бала асырап алуға, баланың ұлтын айқындау мәселелеріне және өзге де салаларға қатысты істерді қарау барысында Конституциялық Сот әрдайым баланың мүддесін барынша қамтамасыз ету жөніндегі конституциялық қағидатқа сүйенеді.Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытынды шешімдерінде қалыптастырылған құқықтық ұстанымдар заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіруге, құқықтық айқынсыздықты жоюға және балалар құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға ықпал етеді. Қаралатын құқықтық қатынастардың әртүрлілігіне қарамастан, оларды ортақ бір тәсіл біріктіреді: балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты мәселелерді реттеу кезінде баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету мен оның мүдделерін қорғауға басым мән берілуге тиіс.✅ 2023 жылғы 1 маусымдағы №18-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот азаматтардың сотқа жүгінуіне дейін молекулалық-генетикалық сараптама жүргізу талабын заңсыз деп көрсетті. Аталған талап мемлекеттің баланың мүддесін барынша қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келмейді деп танылып, кейіннен күшін жойды.✅ 2024 жылғы 28 маусымдағы №46-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот жеке кәсіпкерлер үшін алимент мөлшерін есептеу кезінде құқықтық айқынсыздық бар екенін анықтады. Сот алимент төлеушінің нақты табыстары ескерілуі қажеттігін атап өтті, өйткені алимент мөлшерін айқындаудағы қателіктер тікелей баланың мүддесіне әсер етеді. Шешім қорытындысы бойынша кәсіпкердің кірістері мен шығыстарын ескере отырып алимент есептеу тетігі бекітілді.✅ 2024 жылғы 23 шілдедегі №49-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің бала асырап алуға қатысты нормасын конституциялық емес деп таныды. Сот заңнамалық тетіктер баланы отбасында тәрбиелеу мен дамыту үшін оның мүдделері мен қажеттіліктеріне сай неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталуы тиіс екенін көрсетті. Аталған құқықтық қатынастар Конституцияға сәйкестендірілді.✅ 2024 жылғы 24 желтоқсандағы №58-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот бірнеше сот актілері бойынша алимент өндіру мәселелерін неғұрлым толық реттеу қажеттігіне назар аударды. Кейіннен Жоғарғы Сот нормативтік қаулыға тиісті өзгерістер енгізді, бұл балалардың мүліктік мүдделерін қорғау кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік берді.✅ 2025 жылғы 16 сәуірдегі №70-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің ата-аналары белгісіз болған не олардың ұлтын анықтау мүмкін болмаған жағдайларда баланың ұлтын айқындау және өзгерту тәсілдерінің болмауына қатысты нормасын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Сот баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін өмірлік жағдайларды ескеру қажеттігін атап өтті.✅ 2026 жылғы 18 мамырдағы №80-НҚ қорытынды шешімінде Конституциялық Сот ата-аналарға қатысты әкімшілік қамақ қолданудағы айырмашылықтар жыныс белгісіне емес, ата-ананың балаға үздіксіз күтім жасауды қамтамасыз етуге нақты қатысу дәрежесіне байланысты екенін, сондықтан бұл кемсітушілік болып табылмайтынын атап өтті. Сот заң шығарушы қолданатын «он төрт жасқа дейінгі бала» санаты баланың тұрақты күтімге, тәрбие мен қамқорлыққа жоғары тәуелділігін көрсететінін атап көрсетті.Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының практикасы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау конституциялық бақылаудың басым бағыттарының бірі екенін дәйекті түрде растайды. Соттың нормативтік қаулылары мен қорытынды шешімдерінде қалыптастырылған құқықтық ұстанымдар заңнаманы жетілдіруге, құқықтық айқынсыздықты жоюға және бала құқықтарын іске асыру кепілдіктерін нығайтуға ықпал етеді. Конституциялық Сот қалыптастырған тәсілдерді заңнама мен құқық қолдану практикасына дәйекті енгізу балалар құқықтарын неғұрлым тиімді қорғауды қамтамасыз етіп, әділеттілік, гуманизм және құқық үстемдігі қағидаттарын нығайтудың маңызды шарты болып қызмет етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1231265?lang=ru
Тарихи алтын: қарағандылық спортшы АҚШ-та өткен IBJJF әлем чемпионатында жеңімпаз атанды 30.06.2026
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында бразилиялық джиу-джитсудан IBJJF Worlds әлем чемпионатының 30-шы турнирі өтті. Бұл жарыс — әлемдегі ең беделді әрі бәсекелестігі жоғары додалардың бірі, жыл сайын барлық құрлықтан келген үздік спортшыларды жинайды. Аталған әлем біріншілігінде Қазақстан спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізді.Ересектер құрамасы қоңыр белбеу дәрежесінде екі бірдей алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаз атанғандар — Алинұр Қуатұлы мен Сейілхан Болат. Ал Батыр Теңізбай қола жүлдені иеленді.Ерекше мақтаныш — қарағандылық жас спортшы Асанәлі Абаевтың жетістігі. Ол Қазақстан тарихында IBJJF бойынша алғашқы әлем чемпиондарының қатарына еніп, отандық спорт шежіресіне есімін қалдырды.Асанәлі Juvenile 1 санатында, 53,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, көк белбеу бойынша сынға түсті. Чемпиондық атаққа жету жолында ол төрт ауыр белдесуді өткізді. Финалда қазақстандық спортшы Бразилиядан келген мықты қарсыласымен кездесіп, тартысты жекпе-жектен кейін төрешілер жеңісті Абаевқа берді. Осылайша ол әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленді.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1231268?lang=ru
Қымбатты өскемендік жас бүлдіршіндер! 30.06.2026
       Сендерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!Балалық шақ - ғажайыптарға сенетін, ал бүкіл әлем мейірімге, құпияға және қызыққа толы болып көрінетін ерекше кезең. Әр күндерің күннің жылы шуағына, шынайы күлкіге және жаңа жаңалықтарға толы ертегідей болып өтсін.Сендерге көңілді шытырман оқиғалармен, кез-келген құпиялармен бөлісетін адал достар және зор денсаулық тілеймін.Үйлерің әрқашан мейірімге, қамқорлыққа және ата-ананың шексіз махаббатына толы болсын.Сендер дарынды, ерекше және ең керемет жансыңдар! Өз жолдарыңды табудан қорықпаңдар, жаңаны үйреніп, ізденіп, әрқашан өз күштеріңе сеніңдер.Бұл мереке жүректеріңе тек жарқын, жылы және әрі естен кетпес естеліктер қалдырсын. Бақытты болыңдар!Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы                                                                А. Светаш Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ukmaslihat/press/news/details/1231275?lang=ru
Білім басқармасының басшысы Қ.Б. Оқасов «№49 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ барып, бірыңғай цифрлық әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған «Айқын» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты 30.06.2026
2026 жылғы 29 мамырда Білім басқармасының басшысы Қ.Б. Оқасов «№49 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ барып, бірыңғай цифрлық әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған «Айқын» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.Сапар барысында жобаның цифрландыру, қауіпсіздік және мектеп инфрақұрылымын басқару тиімділігін арттыру бағытындағы негізгі тетіктері таныстырылды.«Айқын» жобасы аясында мектептің жергілікті желісі жаңғыртылып, әр оқу кабинетіне жоғары жылдамдықтағы интернет желісі жеткізілуде. Сонымен қатар, жобада кіруді бақылау және басқару жүйесін (СКУД) енгізу, бейнебақылау камераларын, дабыл түймелерін және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өзге де заманауи құрылғыларды орнату мен сүйемелдеу қарастырылған.Бұдан бөлек, жоба шеңберінде қауіпсіздік деңгейін бақылауға, түрлі жағдайларды талдауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін аналитикалық жүйелер енгізілуде.Оқушыларды әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылған. Мектепте 1–4 сынып оқушылары мен 5–11 сыныптағы әлеуметтік осал санаттағы балаларға тегін ыстық тамақты «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы есепке алу жүйесі ұйымдастырылған.«Айқын» жобасының басты мақсаты – заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, цифрландыру деңгейін арттыру және мектеп инфрақұрылымын басқару тетіктерін жетілдіру арқылы оқушылар мен педагогтер үшін тиімді жағдай жасау.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1231284?lang=ru
Құрылыс барысы тұрақты бақылауда 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылыс алаңдарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.Алдымен сол жағалауда салынып жатқан, құрылысына 14 млрд 780 млн теңге бөлінген, тәулігіне 500 келушіні қабылдауға арналған емханаға барды. Көпсалалы медициналық мекеме 50 төсектік күндізгі стационар, амбулаториялық және диагностикалық бөлімшелер, сондай-ақ тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсетуге арналған орындардан тұрады. Одан бөлек, нысанда 50 орындық аудитория мен 200 орындық конференция залы қарастырылған.Бұдан кейін облыс әкімі Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылыс алаңында болды. 4,6 млрд теңгенің жобасы жүзеге асқанда көлік пен жаяу жүргінші қозғалысының тиімділігі артады.Қазір мұнда айналма теміржол салынып, инженерлік желілерді көшіру, бетондау, свай және тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231297?lang=ru