ШЫМКЕНТТІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР
26.02.2026 16:30:39 143
ШЫМКЕНТТІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР
Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары – Тоғай Жәнібек төмендегідей мәлімдеме жасады.
2025 жылы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму байқалды. Жалпы өнім көлемі жоспардан асып, 58,2 млрд теңгеге жетті. 2026 жылы да өсім күтіліп, жалпы өнім көлемі 59,1 млрд теңге деңгейінде болады деп болжануда.
Биыл 21,1 мың гектар жерге дақылдар егілді, ал болжам бойынша 81 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Егіс алқаптарының құрылымы келесідей: дәнді дақылдар – 6,4 мың га, майлы дақылдар – 3,0 мың га, көкөніс-бақша – 1,8 мың га, мал азығы – 9,9 мың га.
Мал шаруашылығы да тұрақты өсім көрсетті: ет – 7,6 мың тонна, сүт – 70,2 мың тонна, жұмыртқа – 242,6 млн дана. 2026 жылы бұл көрсеткіштердің одан әрі артуы жоспарланған.
Импорт алмастыру және инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда. 2025 жылы жаңа сүтті өңдеу кәсіпорындары іске қосылып, бұрынғы өндірістер кеңейтілді. Сонымен қатар, Alsera KZ компаниясының 40 гектарлық жылыжай кешені пайдалануға беріліп, алғашқы өнім алынды. Мәртөбе тұрғын алабында Fabe Agro компаниясының 144 гектарлық жаңа жылыжай кешенінің құрылысы басталып, жылына 36 мың тонна көкөніс өнімін өндіру жоспарлануда, сондай-ақ 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Шымкент қаласы аграрлық салаға тартылған инвестициялар бойынша көшбасшы мәртебесіне ие болып, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл аграрлық өндірістің жаңғыруына және өңдеуші сектордың дамуына айтарлықтай серпін берді.

Источник информации : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-auyal-zharuazhalyk/press/news/details/1170268?lang=kk