Ел дамуының бағдары: Президенттің таңдаулы сөздерінің жинағы жоғары бағаланды

Ел дамуының бағдары: Президенттің таңдаулы сөздерінің жинағы жоғары бағаланды

09.09.2026 00:08:09 124

Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты таңдаулы сөздерінің жинағы кеңінен талқыланды. 
 «Қызғалдақ» конгресс-холында өткен алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ бизнес пен шығармашылық сала өкілдері қатысты. Президенттің ел дамуына қатысты байыпты пайымдары мен таңдамалы ой-толғамдары жинақталған жаңа басылым жиналғандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек модераторлық етті. Ол өз сөзінде Президенттің әр жылдардағы сөздерін тұтас динамикада көрудің маңызына тоқталды.
 Мемлекет басшысының әр кезеңдегі ой-толғамдары бір арнаға тоғысқанда, елдің даму белестері мен бетбұрысты шақтары айқын көрініс табатынын атап өтті.
Жиында Ж.Ташенов атындағы университеттің Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев білім мен ғылымның маңызына тоқталды. Бүгінде білім ел дамуының басты басымдығына айналғанын айтқан ол жастардың мамандық таңдаудағы және ел болашағы алдындағы жауапкершілігін сөз етті. Ал Шымкент қалалық Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Амангелді Иманқұлов ұлттық құндылықтар мен ана тілінің тағдырына тоқталды. Оның айтуынша, ана тілі — ұлттың жады мен ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі аудармашы Абай Қалшабек сөз қадірі мен жауапкершілігі туралы ой толғады. Қаламы қарымды қаламгер үшін әрбір сөз — адалдық пен шынайылықтың өлшемі екенін жеткізді.
Басқосуда «Әділетті қоғам тек заңдармен емес, азаматтардың бір-біріне деген сенімімен, жауапкершілігімен қалыптасады» деген пікір жиі айтылды. Тәуелсіздік жылдарындағы ел салған сара жолға үңілсек, қоғам мен экономика қанша өзгергенімен, әділеттілік, заңдылық пен білім сапасы әрдайым басты орында қала бермек.
Басылымда әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірегейлік, білім, цифрландыру және экологиялық мәдениет сияқты 21 негізгі бағыт қамтылған. Қатысушылардың айтуынша, жинақ заманауи мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларын айқындап береді. Кітаптың жастар, мемлекеттік қызметшілер мен Ұлттық құрылтай депутаттары үшін де маңызы зор.
Жиын барысында Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, профессор Бекет Тұрғараев та жүрекжарды лебізін білдірді:
 —  Бұл — Мемлекет басшысының көпжылдық еңбегі мен ел дамуына қатысты құнды ойлары жинақталған өте маңызды еңбек. Кітапты зор ықыласпен оқып шықтым. Әріптестеріме, достарыма және балаларыма "Әділетті қоғамға шыншыл сөз" кітабын оқуды жүктедім, тіпті әр шаңырақтың үстел үсті кітабына айналдыруды ұсындым, — деді ол.
Айта кету керек, Президент кітабы бұған дейін Алматы, Атырау, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында талқыланған болатын. Шараның «Қызғалдақ» конгресс-холында өтуінің де өзіндік маңызы бар. 2025 жылдың сәуір айында Шымкентке жасаған сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ғимаратқа «Қызғалдақ» атауын беру ұсынысын қолдаған еді. Бүгінде шаһардың басты мәдени орталығына айналған бұл сарайда ұлт болашағы мен әділеттілік жайында салмақты ойлар айтылды.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.