МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
14.01.2026 10:50:48 149МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Шымкент қаласында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Болатбек Нажметдинұлы, Данабек Исабек, Нұрсұлтан Байтөлеусов «ALSERA KZ» ЖШС-нің жылыжай кешеніне арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, фракция жетекшісі Байкен Әшірбаев, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекембаев, қалалық мәслихат депутаттары Бақытжан Позилов, Ерғали Білісбеков, Алия Оспанова, Бекейхан Әбішев, Нұрсұлтан Балаибек қатысты.
Құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жоба 2025 жылы іске асырыла бастамақ. Жылыжай кешенінің жылдық өндірістік қуаты 155 мың тоннаға жетсе, жалпы аумағы 650 гектарды құрайды. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда бірінші кезең аясында 208 гектар жерді игеру жоспарланып отыр.
Жоба толық іске қосылған жағдайда ішкі нарықты жыл он екі ай бойы жаңа піскен көкөніспен қамту мүмкіндігі артып, өндіріс көлемі едәуір ұлғаяды. Сонымен қатар, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы мұндай ауқымды жобалардың өңір экономикасын дамытуға серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, ірі инвестициялық бастамалар ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Данабек Исабек жобаның елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталып, мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесін көріп отырғанын жеткізді.
Source : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-auyal-zharuazhalyk/press/news/details/1140917?lang=kk