Ғылым
Аймақ басшысы мектеп жанындағы қосымша оқу ғимаратын көрді 06.01.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде Nº54 мектеп жанындағы 375 орындық қосымша оқу ғимаратын көрді.Құрылысты “Жабдықтау” ЖШС салған. Үш қабатты нысанға 789,6 млн теңге қаржы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы бөлінді. Онда білім алушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Кең әрі жарық сыныптар, жоғары сапалы оқу құралдарымен, ақпараттық технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Оқушылар үшін арнайы кітапхана, зертханалар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер де қарастырылған.Ғимараттың әр қабатындағы арнайы инженерлік, жылу, жарық, су және желдету жүйелері заманауи талаптарға сай орнатылған. Спорт залы мен демалыс орындары дене шынықтырумен айналысуға және түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.Айта кетейік, 2023 жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 1850 оқушыға арналған қосымша ғимараттар салынды. Ал өткен жылы 1050 орынға лайықталған 3 қосымша ғимарат, 2 спорт зал құрылысы жүргізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/912921
Жаңақорған ауданында 124 отбасы баспаналы болды 06.01.2025
Бүгін Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 124 пәтерлік 62 жаңа тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы Жаңа жылда жаңа баспанаға ие болған тұрғындарға ізгі тілегін арнады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі» деп ерекше атап өтті. Сыр өңіріндегі мақсатты бастамалардың нәтижесі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіндегі оң өзгерістерден анық байқалады. Бір ғана құрылыс саласына тоқталсақ, тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, өткен жылы 864 мың шаршы метрге ұлғайды. Өткен жылы бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд. 100 млн. теңге бөлініп, 2 500-ден астам пәтер пайдалануға берілді.Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Бүгін міне, аумағы 10 мың шаршы метрден асатын тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, иелеріне салтанатты түрде табыстауға жиналдық. Жаңа баспаналарды уақытылы әрі сапалы салған құрылыс мекемелеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін бүгін айтулы күн! Жаңа қоныс - жақсылықтың бастауы. Баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналсын, баршаңызға құтты болсын! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын, ардақты ағайын!»,-деді аймақ басшысы.Айта кетейік, өткен жылы Жаңақорған ауданының бюджеті 15 млрд. 800 млн. теңге болса, биыл 20 млрд. теңгеге жетіп, 20 пайызға өсім қалыптасты. Бұл қаржы аудан тұрғындарының көтерген мәселелерін шешуге бағытталуда. Мәселен, 1 млрд. теңгеден астам қаржыға 40 шақырым болатын 38 көше жөндеуден өтті. Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысы жүргізілуде.Тұрғындарды "көгілдір отынмен" қамтуға ерекше мән берілуде. Аудан орталығы мен 7 елді мекенге газ келіп, халықтың 40 пайызы табиғи газды қолдануда. "Сүттіқұдық", "Жайылма", Қожамберді елді мекендеріне орталықтандырылған ауыз су жеткізілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында "Қаратөбе" ауылында дәрігерлік амбулатория ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Тәуелсіздік күні "Төменарық" ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табысталды.Одан бөлек, Жаңақорған кентінде «Қамқорлық» оңалту орталығы, 200 орындық "Оқушылар үйі" мен 50 орындық "Өнер мектебі", Байкенже ауылында 150 орындық мектеп, "Бесарық" ауылындағы 375 орындық қосымша оқу ғимараты пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған кенті «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық, "Жаңарық" елді мекеніндегі 300 орындық мектептер жақын күндері ел игілігіне табысталады.Іс-шарада құрылыс мекемесінің мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов батасын берді.Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/912951
Жаңақорған ауданының екі ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды 06.01.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданының Әбдіғаппар, «Бесарық» ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Салтанатты жиындарға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, жаңа нысандардың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.«Жаңа жыл халқымыз үшін берекелі жыл болсын! Әр шаңырақ шаттыққа, қуанышқа толсын!Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр" деп бұл саланың айрықша маңызға ие екенін айтты. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн. теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында өңіріміздің барлық ауданында 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, 3 дәрігерлік амбулатория Жаңақорған ауданында бой көтерді. Тәуелсіздік күні "Төменарық" ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табысталды.Осы игі істердің жалғасы ретінде бүгін Әбдіғаппар, "Бесарық" ауылдарындағы амбулаторияларды пайдалануға береміз. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» деген. Бүгін іске қосылған жаңа нысандар бастапқы медициналық қызмет көрсетуге маманданған үздік мекемеге айналып, ақ халатты абзал жандар халық алғысына бөлене берсін!»,-деді Нұрлыбек Машбекұлы.Жиында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жиналған жұртшылықты құттықтады,ел ағасы Бақыт Нұртазаев бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Айта кету керек, аймақтың денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұрын-соңды өз ғимараты болмаған"Қан орталығы" салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Арал ауданы "Сексеуіл" кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананың құрылысы жүргізілуде. Халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 225 санитарлық автокөлік табысталды.Саланы дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңге қаржы бағыттады.Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен еліміздің 3 өңірінде ғана бар. Бүгінде шалғай елді мекендердегі тұрғындарға тұрақты қызмет етуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/912976
Шиелі ауданында ұлттық жоба аясында екі дәрігерлік амбулатория ашылды 06.01.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданының "Бестам", Ә.Тәжібаев ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Медициналық мекемелер "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасымен салынған. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс саласындағы жетістіктерге тоқталды.«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналды. Өткен жылдың қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Облысымыздың бюджеті 750 млрд. теңгеден асты, осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд. теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады.Бұл ауқымды қаражат тұрғындар көтерген ең өзекті мәселелерді шешуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек" деп атап өтіп, бірқатар маңызды міндет жүктеді. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн. теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында барлық ауданда 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, Шиелі ауданында 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, "Бұланбай бауы" ауылдарында бой көтерді.Тәуелсіздік күні дәрігерлік амбулаториялар "Тартоғай" және "Алмалы" елді мекендерінде ел игілігіне табысталса, бүгін "Ортақшыл", Әбділда Тәжібаев, "Бестам" ауылдарында пайдалануға береміз. Жаңа ғимаратта ауыл тұрғындары сапалы әрі уақытылы бастапқы медициналық қызмет алады деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын!»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.Іске қосылған дәрігерлік амбулаториялар құрылысын "Бақ-Береке" ЖШС сапалы әрі сәулетті етіп салған.Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты құттықтады. Қызылорда облысының Құрметті азаматы Дайрабай Ысқақов бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен ауылға сән берген әсем ғимараттарды салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/912990
Қарақия ауданының Аппақ ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді 04.01.2025
Қарақия ауданына қарасты Аппақ елді мекенінде фельдшерлік акушерлік пункт пайдалануға берілді. Аталған ФАП пункті жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтау және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында ашылған. Ақ халаттылар Аппақ ауылын қамтитын 700 адамға сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Фельдшерлік-акушерлік пункт 2024 жылдың мамыр айында басталған болатын. Ғимараттың жалпы ауданы 1460 шаршы метрді құрайды.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген медициналық ғимараттың жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнда тек шұғыл көмек көрсетіп қана қоймай жүкті әйелдердің жағдайын бақылайды. Тұрғындарға медициналық кеңес беріп, балаларға және созылмалы сырқаты бар науқастарға тексерулер жүргізеді. Вакциналау және аурудың алдын алу шараларын ұйымдастырады.
Сонымен қатар медициналық зерттеулер қан, несеп және басқа да талдауларды қабылдау қызметі де жұмыс істейді. Медициналық нысан физиотерапия, зарарсыздандыру, қақырықты алу, емшара, акушерлік пункт, егу сынды бірнеше кабинеттермен жабдықталған.
Аппақ елді мекеніндегі жаңа медициналық нысан тұрғындардың денсаулығын жақсарту, уақытылы көмек көрсету және алдын алу шараларын жүзеге асыру бойынша маңызды рөл атқармақ.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Маңғыстау ауданына қарасты Қосбұлақ ауылында дәрігерлік амбулатория нысаны мен Бейнеу ауданына қарасты Тәжен ауылында медициналық пункт ғимараты қолданысқа берілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/911533
Әзірбайжанның денсаулық сақтау министрі маңғыстаулық дәрігерлерге алғыс айтты 04.01.2025
Әзірбайжан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсеткен Қазақстан дәрігерлеріне алғыс айту жеделхатын жолдады.
Хатта “Ұшақ апатынан қаза тапқан Қазақстандықтарға шын жүректен көңіл айтамыз. Апат кезінде жоғары кәсібилігін көрсеткен жедел жәрдем қызметіне, білікті дәрігерлерге, ауыр халде жеткізілген науқастарға жоғары дәрежеде ем-дом көрсеткен мамандарға шексіз алғысымызды білдіреміз” делінген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына, зардап шеккендерді құтқаруға және оларға көмек көрсетуді ұйымдастыруға жұмылдырылған барлық дәрігерлерге алғысын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/911534
Ұшақ апатынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың туыстарына барлық қолдау шаралары көрсетілуде 04.01.2025
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтарды алып кетуге келген туыстарына Маңғыстау облысы тарапынан барлық қолдау шаралары көрсетілуде.
Дәрігерлер мен төтенше жағдай қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен волонтерлар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Туыстарын алып кетуге келген шетел азаматтарын әуежайдан күтіп алып-шығарып салу, қонақ үйге орналастыру және т.б. қолдаулар жасалуда.
Атап айтқанда, өңірлік психологтар мен дәрігерлер облыстық ауруханада қайғырып жүрген жандардың денсаулығын тексеріп, психологиялық көмек беріп жатыр.
Сондай-ақ, ыстық тамақ пен шәймен қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар, ұшақ апатынан көз жұмған Маңғыстау облысының 3 азаматының отбасына қаржылай көмек беріліп, марқұмдарды жерлеу рәсімдеріне қолдау көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/911536
Қаза тапқан Әзірбайжан азаматтарының денелері Отанына жөнелтілді 04.01.2025
28 желтоқсан күні сағат 23:30 шамасында Ақтаудан ұшақ апатынан қайғылы қаза тапқан 24 Әзірбайжан азаматының (оның үшеуі экипаж мүшесі) мәйіті үйлеріне жөнелтілді.Осы күндері Мәйіттерді анықтау бойынша қажырлы жұмыстар жүргізіліп, іс-шаралар ДНК сараптамасы мен туыстарының көмегімен де жүргізілді.Еске сала кетейік, 29 адам. 25 желтоқсандағы ұшақ апатынан аман қалып, оларға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордадан келген білікті мамандар. Аман қалған 14 Әзірбайжан азаматына медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді.Маңғыстау облысының әкімдігі қаза болғандардың туыстарына көңіл айтады. Жергілікті атқарушы билік ұшақ апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетуді жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/911549
Маңғыстаулықтар Қырғыз елінің азаматтарын еліне шығарып салды 04.01.2025
Бүгін, 29 желтоқсан күні Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандық үш азамат - Осмонов Тилек, Эрлан Джунушуалиев және күні кеше жансақтау бөлімінен шыққан Асанов Ринат Ақтауға келген жақын туыстарымен бірге өз елдеріне жол тартты.
Оларға Маңғыстау облыстық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді. Бүгінде үш азаматтың да жағдайы тұрақты.
Зардап шеккендерді әуежайдан шығарып салуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысты.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөлімінде ұшақ апатынан зардап шеккен үш әзірбайжандық азамат ем қабылдауда.
Айта кетейік, апат себебін анықтау мақсатында Ақтауда Үкіметтік комиссия жұмысын жалғастыруда.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/911553
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының әкімі тағайындалды 04.01.2025
Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаттарына ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген аудан әкімі лауазымына осыған дейін облыс әкімінің орынбасары болған Қанат Құлжановты ұсынды.
Қанат Құлжанов 1979 жылы Жаңаөзен қаласында туған, білімі жоғары.
2001 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2002 жылы Маңғыстау облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу орталығының бас маманы лауазымынан бастады.
2002-2007 жылдар аралығында Жаңаөзен, Ақтау қалаларында прокуратура саласында қызмет етті.
2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Хатшылықтың Бас Прокурорының аға көмекшісі лауазымына дейін көтерілді.
2012-2016 жылдар аралығында Байқоңыр қаласының прокуроры, 2016-2018 жылдары Қызылорда облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2018-2019 жылдар аралығында Бас көлік прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы және Бас көлік прокурорының халықаралық байланыстар жөніндегі аға көмекшісі, Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің Ұйымдастыру жұмысы басқармасының бастығы лауазымдарын атқарды.
2019-2023 жылдары «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры және бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
2023 жылдың ақпан айынан бастап осы күнге дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.
Депутаттар облыс әкімі ұсынған кандидатты қолдады.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Қанат Құлжановқа ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/911556
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі тағайындалды 04.01.2025
Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған аудандық мәслихатының депутаттарына ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген аудан әкімі лауазымына осыған дейін Мұнайлы ауданының әкімі болған Ержан Күмісқалиевтің кандидатурасын ұсынды.
Ержан Күмісқалиев 1983 жылы туған. Білімі жоғары. 2003 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2007 жылы Жаңаөзен қаласында мұғалім болып бастаған.
2007-2008 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласының № 3 орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болды.
2008-2016 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маман-заңгері және әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы, басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы, басқарма басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.
2016-2019 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары болды.
2019-2021 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымын атқарды.
2021-2022 жылдары Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді.
2022 жылдың сәуір айынан бастап осы күнге дейін Мұнайлы ауданы әкімі қызметін атқарды.
Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдады. Олар Ержан Күмісқалиевтің тәжірибелі басқарушы ретінде білетіндерін айтып, сенім білдірді.
Аймақ басшысы осы күнге дейін Түпқараған ауданының әкімі болған Рахат Елтизаровтың жұмысына алғыс айтып, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/911712
Маңғыстаулықтар соңғы ұшақ апатынан зардап шеккендерді үйлеріне қайтарды 04.01.2025
Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының басшылары, дәрігерлер мен құтқарушылар ұшақ апатынан зардап шегіп, жансақтау бөлімінде 6 күн емделген үш әзірбайжандық азаматты арнайы бортпен еліне шығарып салды.
25 желтоқсаннан бері облыстық көпбейінді емханасының жансақтау бөлімінде жатқан Лейла Омарова, Муслимат Сираджова мен Хафизат Халаеваны бүгін Әзірбайжаннан арнайы келген ұшақтармен еліне алып кетті. Үшеуінің де жағдайының динамикасы нашарлаған жоқ, 1 науқас механикалық вентиляциядан, вазопрессордан және дәрілік седациядан шығарылды. Ал екеуінде вазопрессорлардың дозасы минималды дозаларға дейін төмендетілген. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін барын салды.
Бүгінде Маңғыстау облыстық көпбейінді емханасында ұшақ апатынан зардап шеккен науқастар жоқ.
Маңғыстаулық дәрігерлер әуе апатынан жарақат алған 29 азаматтың түгел аман-есен еліне жеткеніне дән риза.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/912389
Нұрдәулет Қилыбай 2024 жылы мыңнан астам тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдады 04.01.2025
2024 жылдың соңғы күні 31 желтоқсанында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік бағытта көмек сұрап, денсаулық сақтау саласына, тұрғын үй алу, жұмыссыздық мәселесіне қатысты сауалдарын қойды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтылған өтініштер заң тәртібімен және кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Еске салсақ, өңір басшысы жыл басынан бері 36 жеке қабылдау өткізіп, мыңнан астам азаматтың жеке мәселесін тыңдады.
Сонымен қатар, Президент Жарлығы аясында аймақтың барлық ауданы мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларында құқық қорғау органдары басшыларымен бірге халықпен кездесіп, аудан, қала тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Өңір басшысы қабылдауға жазылған соңғы тұрғынға дейін мұң-мұқтажын тыңдады.
Қазіргі уақытта айтылған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, мәселелер оң шешімін табуда.
Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы немесе ХҚКО жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/912532
Маңғыстаулық энергетиктер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды 04.01.2025
31 желтоқсан күні, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Энергетиктер» және «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері» күніне орай, саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған бір топ ардагерлер мен сала мамандарына мемлекеттік наградаларды табыстады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен еңбек ардагері Сайлау Байбатыров және «Сенек» ЖШС бас маманы-зоотехнигі Аманжол Тасмағамбетов марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Жеті лақ» ШҚ басшысы Александра Григолова мен «Тұрланов Балтабай» ШҚ басшысы Балтабай Тұрланов марапатталды.Сонымен қатар, энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» ордені «Ақтау-Восток» ЖШС бас инженері Александр Булгаковке табысталды. IІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК шебері Парахат Есениязовке, «Ерен еңбегі үшін» медалі «МАЭК» ЖШС слесарі Сағидолла Әділов пен «МАЭК» ЖШС цех бастығы Ибадолла Жылхайдаровке берілді.Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай марапат иелерін құттықтап, олардың еңбегінің ел дамуына қосқан үлесі мен маңыздылығын ерекше атап өтті.- Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында өңірімізде ауыл шаруашылығы мен энергетика салалары тұрақты дамып келеді. Әрқайсыңыздың табанды жұмыстарыңыз – болашақ ұрпақ үшін үлгі. Осы орайда, баршаңызды алған наградаларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы қызметтеріңіз табысты болсын!, - деді Нұрдәулет Қилыбай.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/912665
Бейбіт Исабаев Талдықорғанды дамытудың 3 негізгі бағытын атады 04.01.2025
Бүгін Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыс орталығын дамытудың негізгі бағыттарын атап көрсетті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Кездесуді қорытындылай келе, қала дамуының негізгі бағыттарына тоқталайын. Біріншісі - қаланың қауіпсіздігі. Ол үшін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде орнатылатын камера саны 585-ке, жол қауіпсіздігі үшін «Сергек» камерасының саны 136-ға жеткізіледі. Екіншісі - қала тұрғындарын тұрғын үймен, жылумен, электрмен, сумен, газбен, сапалы жолмен қамтамасыз ету, сондай-ақ аурухана, мектеп, мәдениет және спорт объектілерін салу, сол арқылы қолайлы қала құру. Үшіншісі - әдемі әрі жасыл қала. Бұл аула мен воркаут алаңдарын, саябақтарды, скверлерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, көп қабатты үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу. Экономиканы жүйелі дамытудың осындай шараларының барлығы бірінші кезекте Президенттің тапсырмаларына сәйкес халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, - деп атап өтті Б. Исабаев.
11 айдың қорытындысы бойынша Талдықорғанның әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, облыс орталығын көркейтудің алдағы жоспарлары жайлы айтқан өңір басшысы тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Үш сағаттық кездесу барысында облыс әкіміне 60-қа жуық сұрақ қойылды. Қалалықтар негізінен тұрғын үй-коммуналдық сала, әлеуметтік және жол инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, яғни жаңа 9-шы шағын ауданда полицияның тірек пунктін орнату, сол сияқты шағын және орта бизнеске, омарта шаруашылығына қолдау көрсету, жаңа шағын аудандарда аты жоқ көшелерге атау беру, қала сыртында көтерме сауда базарын құру, қоғамдық көліктің жұмысы және басқа да мәселелерді көтерді. Қалада ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға жасалған жағдайлар үшін алғыс білдірген тұрғындар да болды.
Кездесу қорытындысында сұрақтардың бәріне жауап берілді, тұрғындардың өз сұрауларын жазбаша түрде жолдауына да мүмкіндік жасалды. Жиында бірқатар өзекті мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тапсырма берілді.
Атап өтсек, облыс әкімінің қалалықтармен өткен жылғы кездесуінде тұрғындар көтерген 36 мәселенің 26-сы қазіргі уақытта шешілді. Қалған 10 сұрақ бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жеңіс ЫсқабайАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/909508
Жетісулық волонтерлар Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек үшін қан тапсыруда 04.01.2025
Бүгін Жетісу облысының волонтерлары 25 желтоқсанда Ақтау қаласына таяу маңда құлаған «Баку-Грозный» бағытындағы жолаушылар ұшағы апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Талдықорғандағы Қан орталығына барып, қан тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстағы ерікті жастар алғашқылардың бірі болып қан тапсыруға ниет білдірген. Олар қиын жағдайға түскен жандарға қан беру арқылы көмек көрсетуге жора-жолдастары мен таныстарын да шақыруда.
- Ақтау қаласында әуе кемесінің құлағаны туралы оқыс жаңалық бәрімізге ауыр тиді. Апаттан қаншама адам көз жұмды, марқұмдардың жаны жаннатта болсын дейміз. Тірі қалғандардың тез сауығып, аман-есен жақындарына орлауына көмегіміз тисін деп, бүгін қан тапсыруға келдік. Енді мұндай ауыр жағдай қайталанбасын деп тілейміз, - деді «Ассамблея жастары» еріктілер тобының мүшесі Заида Құрмашева.
Облыстық қан орталығының мәліметіне қарағанда, бүгін сағат 12.00-ге дейін 49 адам қан тапсырған.
– Орталыққа әуе апатынан жарақат алған мұқтаж жандар үшін қан көмек тапсырамыз деп ерікті жастар келіп жатыр. Әзірге Ақтаудағы қан тапсыру орталығында қан жеткілікті. Егер жедел қан керек десе біз кез келген уақытта жіберуге дайынбыз, – деді Облыстық қан орталығының директоры Марат Досқалиев.
Жетісу облысы тұрғындарының атынан ұшақ апатында қайтыс болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий ЕрофеевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/909983
Жетісу облысында бейімделген мектептің орнына жаңа мектеп іске қосылды 04.01.2025
Жетісу облысында бейімделген мектептің орнына тағы бір жаңа мектеп салынды. Ақсу ауданы Көшкентал ауылында 75 орынды шағын орталығы бар 180 оқушыға арналған мектеп ашылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа үш қабатты мектепте 18 орынды оқу залы бар кітапхана, 40 орынды асхана, 124 орынды спорт және акт залдары қарастырылған. Білім ошағында жаңа модификация кабинеттері - физика, химия, биология кабинеттері, екі мультимедиялық кабинет, сондай-ақ қыздар мен ұлдарға арналған, барлық қажетті құралдармен жабдықталған шеберханалар бар.
Лента қию рәсімінен кейін жиналған көпшілік мектептің ішін аралап көрді. Ауылда мұндай жаңа нысанның ашылғанына оқушылар да, ата-аналар мен педагогтар да риза. Солардың бірі жас маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшаш Айқынқызы пікір бөлісті:
- Біздің Көшкентал орта мектебінің ескі ғимаратының тұрғызылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болды. Мен өзім осы ескі мектепте оқыдым, кейін университетті бітіргеннен кейін осында мұғалім маман болып оралдым. Бұрынғы ғимарат тозғандықтан мектеп салқын болды, материалдық-техникалық базасы да ескірді. Қазіргі жаңа мектепте барлық жағдай бар. Асхана, спорт залы, акт залы қарастырылған. Жаңа ғимарат жарық, кең, жылы. Әрбір кабинетте керекті құралдар жеткілікті, шеберханалар жабдықталған. Жаңа мектебіміз заманауи талаптарға сай деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жерде оқу да, жұмыс істеу де өте қолайлы. Өскелең ұрпаққа білім беруге үлес қосып жүргеніме, әсіресе бар мүмкіндік жасалған мынадай мектепте жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бір мыңнан астам халқы бар туған ауылымызда жаңа заманауи мектептің ашылуы – бәріміз үшін де ерекше жаңалық, - деді ол.
Мектеп оқушылары да жаңа нысанның қолданысқа берілгеніне қуанышты:
- Жаңа мектепте сапалы білім алуымызға мүмкіндік мол, өйткені мұнда компьютерлер жаңа, керекті құрал-жабдықтар түгел, жақсы кітапхана, жайлы асхана, үлкен спорт залы бар. Сондықтан біз жақсы оқып, өз жетістіктерімізбен ұстаздарымызды қуантуға тырысамыз, - деді 10-сынып оқушысы Еркежан Нәби.
Атап өтсек, Көшкенталдағы жаңа мектепте 38 педагог жұмыс істейді. Бұл ретте мектепке 175 бала, ал шағын орталыққа 50 бала қабылданды. Жалпы биыл өңірде 2700 орынды 4 жаңа мектеп іске қосылды.
Еске салсақ, Жетісу облысында Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, облыс құрылған сәттен бастап жөндеу мен жаңа құрылыс нәтижесінде әлеуметтік нысандарды жаңарту 50% құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай МұсабековАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/910644
Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында 109 отбасы жаңа баспана кілтіне ие болды 04.01.2025
Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында Алакөл, Ақсу, Кербұлақ және Қаратал аудандарында 109 отбасы үйлі болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Алакөл ауданында жаңа үйдің кілттері кезекте тұрған көп балалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталды. Бұл үйлердің әрқайсысының жалпы ауданы 60-70 шаршы метр, абаттандырылған жеке учаскесі бар. Соның ішінде 60 жаңа үй сатып алынып, 10-ы салынды. Жалпы бұл мақсатқа бюджеттен 1,4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Үшарал қаласында 41 жалға берілетін жеке үй, Қабанбай ауылында 15 үй, Бескөл ауылында тағы 10, Қазақстан ауылында 4 үй пайдалануға берілді.
Жаңа қонысқа ие болушылардың бірі, үшаралдық көп балалы ана Айжан Жақанбаева:
- Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма 8 жылдан асты, 6 баламен үй жалдап тұрып келдім. Бұл бізге, әрине, оңай болған жоқ. Жалдаған үйдің жағдайы да үнемі жақсы бола бермейді. Енді, міне, отбасымыз өз үйіне қол жеткізіп, қуанып жатырмыз. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлық жаңа қоныс иелерін құттықтаймын, - деді.
Ал Ақсу ауданында кезекте тұрғандарға Жансүгіров ауылынан 24 пәтерлі 3 қабатты жалға берілетін үйдің кілттері табысталды. Пәтерлер ауданда кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағыларға, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға берілді. Бұл үйде алты 2 және 3 бөлмелі пәтер және 12 бір бөлмелі пәтер бар.
Кербұлақ ауданының Басши, Жайнақ батыр, Жаңалық ауылдары мен Қаратал ауданының Қаражиде ауылының 15 тұрғыны Жаңа жыл мерекесін жаңа қоныста тойламақ. Оларға жалға берілетін жеке тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Жалпы биыл облыста жаңадан салу және сатып алу есебінен 2 708 отбасы үйлі болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Алакөл, Ақсу, Кербұлақ, Қаратал ауданы әкімдіктері ұсындыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/910935
Жетісудың полиция органдарына қызметтік 40 автокөлік берілді 04.01.2025
Бүгін Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысында өңірдегі полиция органдарына қызметтік 40 автокөлік берілді. Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайының маңындағы алаңқайда жаңа автөліктердің кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада облыс әкімі тәртіп сақшыларын Жаңа жылмен құттықтап, күрделі де жауапты жұмыстарына сәттілік тіледі:
- Өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен елдің тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Қазіргі жаңа реформаларға негіз болып отырған заңның үстемдігін орнықтыру, әділдік пен ашықтыққа жол ашу міндеттерін іске асыруда сіздерге артылар жауапкершілік жүгі үлкен. Сондықтан сіздердің уақытпен санаспай, күні-түн демей, күрделі де жауапты жұмысты адал атқарған еңбектеріңізді әрдайым бағалаймыз және алғыс айтамыз. Осы орайда алаңсыз жұмыс істеулеріңізге қолайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысының алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте бүгінгі игі шара сіздердің өз міндеттеріңізді лайықты атқаруға, жұмыстарыңыздың сапасы мен тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді деп сенемін, - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, осы күні жалпы саны 40 автокөлік, яғни облыстық полиция депатраментінің әрбір ауддандық, қалалық бөлімшелеріне 4 қызметтік автокөліктен берілді. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторларына, патрульдік полицияға "Cjhevrolet Cobalt", табиғатты қорғау бөлімшелеріне "Wingle 7", кезекші бөлімдерге "ГАЗ Соболь" маркалы автокөліктері, сол сияқты Панфилов аудандық бөліміне қосымша тағы бір көлік - "JAC Sungar" берілді.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сарқытбай Құсаинов сөз алып, ішкі істер органдарына жасалып отырған қолдаулар үшін алғысын білдірді:
- Күнделікті көшеде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті тәртіптің сақталуын бақылау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы орайда біздің бөлімшелерді материалдық және техникалық жабдықтауға үлкен қолдау көрсетіп отырғандарыңызға алғыс айтамыз, - деді ол.
Жалпы облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы жергілікті бюджеттен 26 автокөлік сатып алынып берілген болатын. Оған қоса бүгінге дейін облыста 34 бекетте, соның ішінде «Алматы – Өскемен» автожолына және Талдықорған қаласының жолдарына жалпы саны 240-қа жуық «Сергек» «Vidar», «Зерек» бейнекамералары орнатылды. Түрлі үлгідегі 8 мобильді кешен сатып алынып, ішкі істер органдарының қызметтік авткөліктеріне орнатылды. Олардың заң бұзушылықтарды анықтауда едәуір ықпалы бар екеніне тәжірибе жүзінде көз жеткізілгендіктен, алдағы жылы осындай тағы 20 мобильді кешен сатып алуға 445 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс ЫсқабайАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/911985
Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында тағы 7 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды 04.01.2025
Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында тағы 7 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды
Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында тағы 7 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды. Солардың қатарында Кербұлақ, Қаратал, Ескелді, Көксу және Сарқан аудандарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, ауылдық мәдениет үйлері, спорт кешендері мен медициналық пункттер бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында заманауи емхана пайдалануға берілді.
- Бұрын компьютерлік томограф болған жоқ, жалпы материалдық-техникалық база ескірген болатын, соған сәйкес халыққа медициналық көмек көрсету барысында белгілі бір деңгейде қиындықтар болды. Осыған байланысты тұрғындарды Талдықорған, Алматы қалаларына жіберуге тура келетін. Бүгін жаңа емханамыз ашылып, біраз мәселе шешілді. Мұнда компьютерлік томограф орнатылған, рентген, УЗИ, жалпы барлық қажетті заманауи медициналық жабдықтар бар. Сонымен қатар ауданда алғаш рет емхананың базасында 6 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте даму және ерте араласу орталығын ашамыз, онда нәрестелер мен балаларға скрининг жүргізіледі. Қажетті мамандар – невропатолог, көз дәрігері, балалар дәрігері және патронаттық медбикелер бар. Емханада жалпы 28 дәрігер жұмыс істейді. Біз халыққа сапалы, әрі уақытылы медициналық көмек көрсету үшін бар күш-жігерімізді саламыз, - дейді Сарыөзек ауылындағы аудандық емхананың директоры Қанатбек Әбдірахманов.
Емхананың құрылысы 2022 жылы басталды. Төрт қабатты ғимараттың ауданы 5,8 мың шаршы метрден асады. Емхана бір ауысымда 250 келушіге есептелген. Онда 15 төсектік алғашқы медициналық-санитарлық, арнайы, жедел және стационарды алмастыратын көмек түрлері көрсетілетін болады. Емханада терапия, хирургия, неврология, инфекциялық оқшаулау, балалар қабылдау бөлмесі қарастырылған әйелдер консультациясы, компьютерлік томография, рентгенологиялық және ультрадыбыстық зерттеу кабинеттері, сондай-ақ зертхана бар. Компьютерлік томограф, УЗИ, ЭКГ, фиброгастродуоденоскопия, СМАДЛОР-комбайн, гистероскоп, велоэргометр және басқа да заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Жаңа стоматологиялық кабинет және емдік дене шынықтыруға арнап жабдықталған зал жұмыс істейді.
Ал Қаратал ауданының Жаңаталап ауылында бірден екі жаңа әлеуметтік нысан – спорт кешені мен 150 орындық мәдениет үйі іске қосылды. Тұрғындардың айтуынша, бұл мерекеге тамаша сый болған. Бұрын ауылда спорт кешені болмаған, ал мәдениет үйінің ұжымы жалға берілетін бөлмеде отырған. Блокты-модульді конструкцияларды қолданудың арқасында объектілерді салуға алты айдан астам уақыт кетті. Жаңа спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ секциялары, ал жаңа мәдениет үйінде вокал, би, домбыра, қобыз үйірмелері ашылған.
Атап өтсек, Жаңаталап ауылында 1414 адам тұрады, ал ауылдық округтің өзінде тұрғындар саны екі мыңнан асады.
Сондай-ақ Ескелді ауданында жаңа жыл мерекесі қарсаңында тағы екі жаңа нысан ашылды. Блокты-модульді спорт кешені Жетісу ауылында, ал блокты-модульдік медпункт Ақешкі ауылында пайдалануға берілді.
Аумағы 700 шаршы метрден асатын заманауи спорт кешенінде баскетбол, волейбол және шағын футболға арналған зал бар. Сонымен қатар екінші қабатта тренажер залы орналасқан, нысан күрес, дзюдо жаттығуларына қажетті құралдармен жабдықталған.
Ақешкі ауылының тұрғыны Райхан Тәжіғұлова медициналық пункттің ашылғанына қатысты пікір бөлісіп:
- Өз ауылымызда денсаулығымызды қарайтын медициналық пункт болса деп армандағанбыз. Енді басқа елді мекендерге сабылмай, кез келген уақытта жақын маңнан дәрігерге қаралып, тексеріле алатынымызға қуаныштымыз, - деді.
Атап өтсек, бұған дейін Көксу ауданы Кеңарал ауылында жаңа блокты-модульді медициналық пункт ашылғанын болатын. Бұл ауылдағы бұрынғы медициналық пункттің ғимараты 1965 жылы салынған, тиісті талаптарға сай келмейтін.
Ал Сарқан ауданында қайта жаңғыртудан кейін Көктерек ауылында 200 орынды мәдениет үйі өз жұмысын бастады.
Бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты 2000-шы жылдардың басынан бері күрделі жөндеуді қажет еткендіктен, нысан жұмыс істемей тұрған. Оны қайта жаңғыртуға 321 млн. теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Ғимараттың екінші қабатында 9549 дана кітап қоры бар кітапхана орналасқан. Вокал, би, қолданбалы өнер, домбыра үйірмелері ашылып, 9 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жаңа мәдени нысанның ашылғанына талапты жастар да риза. Солардың бірі М. Мәметова атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Айзере Башай:
- Мен биді жақсы көремін, бірнеше жылдан бері би үйірмесінде жаттығып келемін. Бұған дейін сабақтар мектеп қабырғасында өткізілетін, енді жаңа мәдениет үйіндегі арнайы үйірмеге қатысатын болдым, - дейді жас биші.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Қанат Байдрахымов, сол сияқты фотосуреттерді Кербұлақ, Қаратал ауданының әкімдіктері ұсынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/912273