Алматы облысы: Энергетика саласындағы маңызды қадамдар
24.12.2024 21:44:10 506
Алматы облысында Энергетиктер күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл күн өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандар үшін маңызды оқиға.
«Құрметті энергетика саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің еңбегіңіз тек миллиондаған адамның тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экономикасының тұрақты дамуына да бағытталған», — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі», – деп, өздеріңіз еңбек ететін жүйенің маңыздылығын атап өтті.
Ағымдағы жылы ел аумағында атом электр станциясын салу туралы республикалық референдум өткізіліп, облыс тұрғындары жоғары белсенділік танытты (Сайлаушылардың 68,5%-і қатысып, 72,5%-і оң шешімге дауыс берді). Жоба іске асқан жағдайда облыстың, жалпы еліміздің энергия тапшылығын жоюға септігін тигізетін болады. Қазіргі уақытта Алматы облысы 600 МВт электр энергиясын тұтынады, ал өзіндік өндірісі 300 МВт құрайды. Өңірдің дамуы мен жаңа инвестициялық жобаларды ескерсек, электр энергиясына деген қажеттілік 2050 жылға қарай 3000 МВт-қа жетеді.
Атом электр станциясын салу экологияға да оң әсер етеді, өйткені АЭС-тен шығатын ластаушы заттар күн электр станциясына қарағанда аз. Облыста 2024 жылы энергетика саласында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Қонаев қаласы өсіп, дамып келе жатқандықтан, 5 жаңа қосалқы станцияның құрылысы басталатын болады. Бұл нысандар облыс орталығының электрмен жабдықтау қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, бизнестің, тұрғын үй құрылысының және өнеркәсіптің дамуына да мүмкіндік береді.
Алматы агломерациясы аумағында 7 жаңа қосалқы станцияның құрылысы қарқынды жүруде. Бұл станциялар халық тығыз орналасқан аудандардағы энергиямен қамтамасыз етуді тұрақтандырады. Сонымен қатар, индустриялық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, мұнда тағы 3 қосалқы станция салынуда. Бұл нысандар жаңа кәсіпорындарды тарту арқылы жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Облыс аумағында жалпы қуаттылығы 325 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істейді, бұл - Республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.
2024 жылы облыс әкімдігіне 20-ға жуық инвестордан қуаттылығы 1380 МВт асатын жаңа күн және жел электростанцияларын салу бойынша ұсыныс түсті. Инвесторлармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қуаттылығы 120 МВт болатын 2 күн электростанциясының құрылысы бойынша аукцион өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Одан бөлек, қытайлық инвесторлармен шалғай жатқан Кеген ауданында жалпы қуаттылығы 500 МВт-қа жуық 1 гидроэлектростанция және 2 күн электростанциясының құрылысы бойынша келіссөздер жүргізілуде. Аталған жұмыстар іске асырылған жағдайда облыс энергетикалық балансын 90%-і жаңартылатын энергия көздері құрайтын болады.
Алматы облысындағы энергетика саласы белсенді түрде дамып келеді, ал жаңа жобалардың табысты іске асуы өңірдің болашағына тікелей әсер етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/906948