Президент шыршасы: Атырауда 300 бала шырша тойына қатысты

Президент шыршасы: Атырауда 300 бала шырша тойына қатысты

24.12.2024 22:32:38 583

Салтанат сарайында ұйымдастырылған «Қош келдің, Жаңа жыл» атты дәстүрлі шараға қала және аудандардан келген ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, халықаралық және республикалық олимпиадалардың, шығармашылық, спорттық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғаларда ерлік көрсеткен барлығы 300 бала қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов жаңа жылдық шыршаға арнайы шақыртумен келген балаларға Мемлекет басшысының атынан құттықтау хат, арнайы сертификат пен тәттілер табыс етті.
- Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Осы жарқын мереке өзіңді шаттыққа бөлесін! Әрдайым жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтыл! Білімпаз, озат әрі зерек болып, жақындарыңды қуанта бер! Арманың асқақ, қиылың ұшқыр болсын! Саған зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!-делінген құттықтау хатта.
Президент шыршасына қатысқандардың арасында республикалық олимпиаданың жүлдегері №3 Білім-инновация лицейінің 8 сынып оқушысы Гаухар Нұрлан да бар.
- Бүгін осындай кең көлемде ұйымдастырылған әдемі кештің арнайы қонағы ретінде қатысып отырмын. Ерекше атмосферада шат-шадыман көңіл-күйде тойлап жатырмыз. Енді халықаралық білім бәйгелерінде Қазақстанымның атын асқақтатып, абыройын оздырып, еліне адал қызмет етер ұланы болғым келеді. Сол мақсатқа жетеріме сенемін,-деді Г.Нұрлан.
Кеште балаларға арналған түрлі-түсті шоу-қойылым, мультфильм кейіпкерлері және супер қаһармандардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, концерт қойылды. Бұдан бөлек, Жаңа жыл қарсаңында атыраулық балалар үшін бірқатар шырша тойы өткізіледі.
Бұдан бөлек, қала маңындағы және шалғай елді мекендердегі мектептердің директорларына балаларды тасымалдау үшін 21 автобустың кілті табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/908709