«Көктем-2025» оқу-жаттығу барысында өңірлерде практикалық іс-шаралар пысықталды
14.02.2025 23:43:59 1223
Су тасқыны қаупі төнген және туындаған кездегі қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіруді арттыруға бағытталған өңірлік тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың соңғы кезеңі болды. Практикалық іс-қимылдарды пысықтау үшін неғұрлым су басуға бейім елді мекендер анықталды.
Алматыда өзен арналарын тереңдету және мұз бен қоқыстан тазарту бойынша іс-шаралар өткізілді. Қаланың су тасқыны қауіпті барлық 102 учаскесіндегі қауіп-қатерлер жойылғанын, сондай-ақ Ойжайлау, Боралдай және Қарасу атты үш өзенде жағалауды нығайту жұмыстары аяқталғанын атап өту маңызды. Оқу-жаттығу аясында қажет болған жағдайда зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуге дайын күштер мен құралдар тобы да тексерілді.
Шымкентте Бадам-2 тұрғын алабында орналасқан қаланың азаматтық қорғау жедел штабы су тасқынының салдарын жою, соның ішінде өзен жағалауларын нығайту және «Бадам» өзенінің арнасын бұру бойынша шешімдер қабылдады. Мамандар шлюздерді тазарту және шлюз құрылғыларын майлау жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ зардап шеккендерді эвакуациялауды ұйымдастырды. Сонымен қатар теміржол көлігіне инженерлік, қосалқы және басқа да техниканы тиеу мен түсіру жұмыстары жүргізілді, теміржол платформаларын пайдалана отырып, су тасқынынан зардап шеккен аудандарға техниканы жөнелту пысықталды.
Алматы облысында Талғар ауданы Тұздыбастау ауылының аумағында ұзындығы 2 км арық жүйесіне механикаландырылған тазарту жүргізілді, ол суға толып, аула аумақтарына жайылу қаупін тудырды. Оқу-жаттығу аясында Тұздыбастау ауылындағы 15 жеке тұрғын үйді су басу қаупі жойылды. Оқу-жаттығуға облыстық ТЖД қызметкерлері және ТЖМ №28237 әскери бөлімі қатысты.
Батыс Қазақстан облысында Деркөл өзенінің бойында орналасқан «Ягодка» бау-бақша қоғамында қызметтердің іс-қимылдары пысықталды, онда 500-ден астам адам тұрады. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпті аймақтан эвакуациялады, адамдардың көпір арқылы өтуін ұйымдастырды. Өзендегі мұзды жүргізуді қоса алғанда, су кептелістері мен оның жайылуының алдын алу жұмыстарын да ұйымдастырды. Учаскелерді су тасқынынан қорғау үшін инертті материалдарды пайдалана отырып, уақытша бөгендер салынды.
Қызылорда облысының Қазалы қаласында инженерлік және өртке қарсы қызмет мамандары қаптарды құмға толтырып, оларды қалап тұрғызу жұмыстарын жүргізе отырып, бөгендерді нығайтты. Эвакуациялық пункттер мен инертті материалдар қоры тексерілді.
Оқу-жаттығулар шұғыл қызметтері мен азаматтық қорғау органдарының ықтимал су тасқыны жағдайларына дайындығының деңгейін растап, табиғи ТЖ жағдайындағы іс-қимылдардың үйлесімділігін қамтамасыз етті. Іс-шаралар азаматтық қорғау жүйесінің барлық буындары жұмысының тиімділігін, сондай-ақ олардың төтенше жағдайларға жедел әрекет ету қабілетін көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/933811