Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспары бекітілді

Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспары бекітілді

22.01.2025 19:15:01 1782


Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңірде «Таза Қазақстан» акциясын өткізу барысы қаралды.
Жиынға қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы елімізде жалпыұлттық экочелленджге айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда оған еріктілер мен белсенді студенттер ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ұйымдардың қызметкерлері де қатысып келеді. Негізгі мақсат - қоршаған ортаны сақтау және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а. Бекболат Құлмағамбетов жергілікті аумақтарды жинау және көгалдандыру бойынша жаппай экологиялық акцияларға өңірдің 418 мыңнан астам тұрғыны, 7 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорындардың қызметкерлері қатысқанын айтты. 74 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, 365 мыңға жуық ағаш пен 6 мың бұта отырғызылды. 291 саябақ пен алаң ретке келтіріліп, 207 су айдынының жағалауы тазартылды. Аумақтарды тазарту үшін 6 мыңнан астам техника жұмылдырылды.
Бекболат Құлмағамбетов облыстық мәслихаттың шешімімен «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспары бекітілгенін алға тартты. Жоспарға сәйкес санитарлық жағдайды жақсарту, жасыл желектерді кеңейту, халықтың экологиялық әдеттерін қалыптастыру және өңірдегі қоршаған ортаны қорғау мәселелері туралы ақпараттандыруды арттыру көзделіп отыр.
Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, акция аясында Ақтөбедегі 4 056 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде санитарлық тазалық ережелерін сақтамағаны үшін 2 042 нысан иесіне ескерту берілді. Ескертулерді елемеген кәсіпкерлерге қатысты жергілікті полицияның учаскелік қызметкерлері хаттамалар рәсімдеген. Акцияға барлығы 169 бірлік техника жұмылдырылып, оның көмегімен барлығы 987 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Баяндамашыларды тыңдаған соң, өңір басшысы қала мен аудандардың әкімдеріне қыста қар тазалауға ерекше назар аудару керектігін тағы да еске салды. Автомобиль жолдарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын қар мен мұздан уақытылы тазарту қажет. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарт адамдарға дер кезінде қар тазалауға көмек ұйымдастыру маңызды екендігін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/921034