Тазалық тұрғындардың күнделікті өмір салтына айналуы керек
23.01.2025 03:22:43 770ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің отырысы өтті, онда "Таза Қазақстан" экологиялық акциясын іске асыру, IT-экспортты дамыту мәселелері қаралды.
Оған селекторлық режимде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. ҚР Үкіметінің отырысынан кейін өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңесте мәселелер талқыланып, қалалар, аудандар әкімдеріне және сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Облыс әкімі атап өткендей, Мемлекет басшысы өз Жолдауларында барлық салаларда цифрлық трансформацияның маңыздылығын үнемі атап өтеді. 2025 жылы жасанды интеллектке баса назар аударылады. Азаматтар оны пайдалану тетіктерін енгізу жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет. Дайын қызметтерді халықтың тез игеруіне мүмкіндік беру. Жасанды интеллект тақырыбын білім беру олимпиадаларына және басқа да іс-шараларға қосу қажет. Біздің аймақтың технопарктерінде жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуден басқа, оның мүмкіндіктерін пайдалану үшін халықты оқыту және насихаттау қажет.
Қоршаған ортаны таза ұстау, көгалдандыру, туған жерді абаттандыру тұрғындардың күнделікті әдетіне, өмір салтына айналуы керек. "Таза Қазақстан" порталының басты мақсаты-халықпен жылдам және ашық кері байланыс. Келіп түскен ескертулерге, шағымдар мен ұсыныстарға уақтылы жауап беру қажет.
Мемлекет басшысының бастамасымен "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында халықтың санитарлық тазалығы, абаттандырылуы, жайлы тұруы үшін жағдай жасалуда. Тұрғындар, жастар ұйымдары мен кәсіпорын қызметкерлері бағдарламаны қолдап, оған белсенді қатысты. Елді мекендердегі скверлер мен саябақтар, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіптік, кәсіпкерлік қызмет объектілері, аулалар мен көшелер қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстарға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Өңірді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Экологиялық акция аясындағы іс-шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттандырылды. Жұмысты одан әрі жалғастыру үшін экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспары бекітілді. Жыл сайын ауылдарды дамытуға бағытталған "Үлгілі елді мекен" конкурсы өткізіледі. Соңғы екі жылда үздік елді мекендерге 48 бірлік арнайы техника табысталды. 2024 жылы коммуналдық мекемелерге 106 бірлік арнайы техника сатып алынды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/922819