Алматылық әскери қызметшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

Алматылық әскери қызметшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

05.12.2024 13:10:52 2249

Ұлы Отан соғысының ардагері Егор Степанович Долидуда өзінің 97 жасын тамаша көңіл-күйде қарсы алды.
Майдангерді құттықтауға Әуезов ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері арнайы келді. Егор Степанович оларға шын жүректен алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
– Сіздердің қамқорлықтарыңыз бен жүректен шыққан сөздеріңіз жанды жылытып, өмір сүруге деген құлшынысты арттырады. Біздің ісімізді жалғастырып, халықтың тыныштығын қорғап жүргендеріңіз үшін рахмет. Сіздердің Отанға деген адалдықтарыңызға сенемін әрі өздеріңіздей керемет жандардың ел күзетінде тұрғанын мақтан тұтамын, – деді ол.
Қарт майдангер қонақтарға соғыс жылдарынан естелік айтып, «Священная война» әнін орындап берді.
Егор Степанович Долидуда 1927 жылы 5 желтоқсанда Красноярск өлкесінің Почекутовка ауылында дүниеге келген. Қызыл Армия қатарына 1944 жылы шақырылды. Ол Украина майданында 184-ші атқыштар дивизиясының 297-ші атқыштар полкінің атқыш-пулеметшісі ретінде шайқасты.
Жеңістен соң Маньчжурияны Жапонияның Квантун армиясынан босатуға қатысты. 1951 жылы соғыстан оралған соң Ішкі істер министрлігінің училищесінде білім алды.
Ұзақ жылдар ішкі істер органдары мен әскерилендірілген өрт күзетінде қызмет етті. Өрт-қолданбалы спортымен шұғылданып, шебер атағын алды. Майор Е. Долидуда 1983 жылы құрметті демалысқа шықты.
Ардагер «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және КСРО мен Қазақстанның басқа да наградаларымен марапатталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/896793