Футбол жанкүйерлері Астанадағы ойында үлгі көрсетіп, өзгелерді тәнті етті
24.02.2025 03:10:47 506
«Астана Аренада» өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы футбол матчы аяқталғаннан кейін командалардың жанкүйерлері стадион трибуналарын қоқыстан тазартып, өзгелерге үлгі көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін «Астана Аренада» Қазақстан Суперкубогы аясында «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары арасында кездесу өтті. Кездесу 2:0 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды.
Ойыннан кейін елордалық жанкүйерлер стадион трибунасында қалған қоқысты шығарып, тағы да үлгі көрсетті.
«Матч та, осы заманауи арена да бізге ұмытылмас эмоция сыйлады, олар біздің жадымызда өшпестей сақталады. Футбол командалары мен стадион қызметкерлеріне алғыс ретінде трибунаны тазарту шарасына қатысуды қажет деп санадым, осылайша құрметімді көрсеттім. Менің ойымша, бұл жаңа нормаға айналуы керек, өйткені матчтан кейінгі таза трибуна – қоғам дамуының жоғары деңгейінің белгісі», - дейді жанкүйерлердің бірі.
Футбол матчын 30 мыңға жуық көрермен тамашалады. Ал елордалық жанкүйерлердің мұндай бастамалары дәстүрге айналып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/943840