ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА «ДІН ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ» АТТЫ КЕЛЕЛІ БАСҚОСУ ӨТТІ
04.03.2025 01:15:48
121
Бүгін Қазығұрт ауданында «Дін және қазіргі қоғам» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Шараға ардагерлер кеңесінен бастап, ауыл билері, әжелер, ауыл имамдары, жастармен қоғамдық ұйымдардың мүшелері және аудан тұрғындары қатысты.
Кездесудің мақсаты — діннің қазіргі қоғамдағы рөлі мен оның әлеуметтік үйлесімділікке, тұрақтылыққа және жеке тұлғаның рухани дамуына тигізетін әсері туралы пікір алмасу. Жиын барысында дін мен қоғам арасындағы байланысты нығайту, діни толеранттылықты арттыру және жастар арасында дұрыс рухани бағыт-бағдар беру мәселелері талқыланды.
Басқосуда Түркістан облысы дін істер басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Медет Халықов «Жастар арасындағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда дін мен дәстүрдің ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасап, жастардың ұлттық бірегейлігін сақтау, отбасындағы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, Қазығұрт ауданының бас имамы Сертай Әділхан «Құдайы ас мәзіріндегі ысырапшылдық» жайында баяндамасын жасады. Ол діни тұрғыдан ысырапшылдықтың алдын алу және оны болдырмаудың маңыздылығын атап өтіп, ас беру рәсімдерінде қарапайымдылықты ұстануды алға тартты.
Кездесу соңында аудан әкімі Азизхан Исмаилов маңызды тақырып аясында пікір білдірді.
«Дін мен дәстүр — халқымыздың рухани байлығы, ұлттық бірегейліктің негізі. Бүгінгі кездесу дін мен қоғам арасындағы үйлесімділікті нығайту, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, ысырапшылдықты болдырмау сынды маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде қоғамымыздың тұрақтылығына, рухани дамуымызға оң әсерін тигізеді», — деді ол.