Облыс әкімі Қобдада азаматтарды қабылдады
04.03.2025 01:19:18 165
Өңір басшысының қабылдауына келген тұрғындар ауданның әлеуметтік инфрақұрылымы мен дамуына қатысты мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысына жеке сұрағымен келген төрт тұрғынның бірі - Светлана Ашенова. Ол аудан орталығында орналасқан «Шұғыла» балабақшасын басқа жерге көшіруге рұқсат сұрады.
Ал, Нұрлыбек Кереймағанбетов аудан орталығында айналма жол салу мәселесін көтерді. Бұл көлік жүктемесін азайтып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ауданның инфрақұрылымын жақсартуға көмектесетіндігін алға тартты.
Ауыл тұрғыны Мақсат Бисембаев Жиренқопа бағытында 6 ауылдық округ пен 6 елді мекенді қамтитын газ құбырын салу туралы ұсыныс білдіріп, көгілдір отын мәселесін қаузады. Ауылдарды газбен қамтамасыз ету жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын едәуір жақсартатынын сөз етті.
Облыс әкімі азаматтардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқармаларға тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар аталған мәселелердің барлығы Қобда ауданының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын іске асыру аясында қаралатынын айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/948762