Қостанай облысында әкімдік отырысы өтті: инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды
05.04.2025 22:43:02 396
Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, онда екі басым бағыт – сумен жабдықтау және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.
Сумен жабдықтау: 100% қамтуға бағыт
Облыс әкімі халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Соңғы бес жылда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 90,2 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде тек 2024 жылы – 20,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде ауыл халқының таза ауызсуға қолжетімділік деңгейі 91,3%-ға жетті.
Биыл сумен жабдықтауға 22,6 млрд теңге қарастырылып, 65 жоба жүзеге асырылады. Бұл қосымша 24,7 мың адамды таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық жобаларды іске асыру кезінде үйлерді су жүйесіне қосу басты талап болып отыр. Әкімнің тапсырмасы бойынша, бұл – міндетті шарт. Соңғы екі жылда 55 мың үй су жүйесіне қосылып, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін облыста 259,4 мың үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.
Сонымен қатар, өңір басшысы жергілікті мердігерлік ұйымдарды жұмыспен қамту қажеттігін айтты. Олардың үлесі 2023 жылғы 26%-дан 2025 жылы 60%-ға дейін артады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті бизнестің дамуына ықпал етеді.
Көлік инфрақұрылымы: оңтүстік аудандар мен халықаралық маршруттарға басымдық беріледі
2024 жылы жол саласының бюджеті 106,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға артты. Өңірде 1 580 шақырым жол мен 103 елді мекендегі 382 көше жөнделеді.
Оңтүстік аудандарға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Торғай – Ырғыз автожолының жөндеу жұмыстары басталады. Бұл батыс аймақтар мен елдің орталығын оңтүстік арқылы тікелей байланыстырады. Бұл жоба Арқалық қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің дамуына серпін береді.
Тағы бір маңызды жоба – Арқалық әуежайын қайта жаңғырту. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Қостанай мен Астанаға тұрақты рейстер ашу жоспарланып отыр, бұл өңірдің көлік қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.
2025 жылы Жезқазған – Петропавл автожолының Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 87 шақырымдық бөлігі жөндеуден өтеді. Бұл солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын жолды 400 шақырымға қысқартып, көлік ағынын тәулігіне 10-нан 2 500 автомобильге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Оңтүстік аудандардың транзиттік маңызының артуына байланысты облыс әкімі жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын – қонақүйлер, санитарлық тораптар, дәмханалар мен сауда орындарын халықаралық стандарттарға сай салуды тапсырды.
Өңір – транзиттік ағындардың орталығында
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, кешенді көзқарас пен Үкімет деңгейіндегі қолдаудың арқасында Қостанай облысы алдағы жылдары еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын негізгі транзиттік хабқа айналып, Қазақстан, Орталық Азия елдері және Ресей Федерациясы арасындағы жаңа бағыттарды қалыптастырады.
Әкімдік отырысының қорытындылары инфрақұрылымды жүйелі дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің тұрақты экономикалық өсіміне жағдай жасауға бағытталғанын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/967192?lang=kk