«Таза Қазақстан»: Алматы облысында Қапшағай жағажайын тазарту бойынша «Таза жағажай» атты тазалық акциясы өтті
05.04.2025 23:43:50 1563
Алматы облысының орталығы - Қонаев қаласының жергілікті тұрғындар, жастар, белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен «Таза жағажай» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Акцияның мақсаты – жағажай аймағын тазарту, су айдындарының ластануының алдын алу және қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару.
Шаһар ардагерлері ұйымының төрағасы Базарбай Оралбаев «Біздің мақсатымыз - табиғатты таза ұстау және болашақ ұрпаққа мұра ету. Экологияның тазалығы мен қоршаған ортаны күтіп ұстау – әрбір азаматтың негізгі борышына айналуы тиіс. Осы орайда, барша тұрғындар бірлесіп, осындай шараларға белсенді ат салысу қажеттілігін айтып өткен жөн» - деп мәлімдеді.
Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы ақпарат беріліп, экологиялық тәрбие жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, аталмыш шараға 200-ден астам адам ат салысып, жағажайды тұрмыстық қалдықтардан, пластик бөтелкелерден, қағаздардан және басқа да қоқыстардан тазалады. Нәтижесінде 3 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Бұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-zkh/press/news/details/969348?lang=kk