«Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен Акмола облысында 15-ші спорт кешені ашылды
10.04.2025 16:49:04 176Бүгін Қайырымдылық күнінде Ақмола облысының Қажымұқан ауылында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жаңа спорт нысаны ашылды. Бұл «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары тобы атынан іске қосылған 15-ші спорт кешені.
Ауа тірек құрылымындағы кешеннің жалпы ауданы 1,7 мың ш.м. Мұнда шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар, теннис корты, жүгіру жолдары және қажетті құрал-жабдықтар бар. Қазіргі таңда дзюдо, қазақ күресі, бокс, волейбол, футбол бойынша секциялар ашылып, оған 188 бала тегін қатысуда.
Шараға Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Асқар Нұртазин, спорт басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Олар өз сөздерінде «Самұрық-Қазына» қорына спорттық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі мен спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыстарын білдірді.
«Өңірлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – қайырымдылық қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі. Қордың қолдауымен күні бүгінге дейін 15 дене шынықтыру-сауықтыру және көпфункционалды спорт кешендері, 30-ға тарта спорт алаңдары пайдалануға беріліп отыр. Осылайша еліміз бойынша 90 мың азаматтың салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен айналысуына жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғасатын болады», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.
Целиноград ауданы әкімінің орынбасары мұндай жобалардың жүзеге асырылуы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және өңірде бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол жаңа спорт кешені жас спортшылар мен белсенді демалысты ұнататындар үшін тартылыс орталығы болатынына сенім білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/958551