ҚАЗАҚСТАН МЕН ГРУЗИЯ АРАСЫНДАҒЫ СЫРТҚЫ САУДА АЙНАЛЫМЫ 39,1%-ҒА АРТТЫ
10.04.2025 16:50:03 165Қазақстандық тарапты ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, грузиялық тарапты Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Георгий Гахария басқарды.
Тараптар Үкіметаралық комиссия екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайтын және шешетін алаң болғанын атап өтті. Қол жеткізілген келісімдер үкіметаралық құжаттар мен бірлескен іс-шараларда айқын көрініс тауып отыр.
Үкіметаралық кеңес отырысында сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік, байланыс, ақпараттық технология мен инновация, ғылым, туризм, денсаулық сақтау, электронды өнеркәсіп және тағы басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Тараптар 2017 жылы өзара сауда өсімінде оң динамика байқалғанын атап өтті. 2017 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы сыртқы сауда айналым 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,1%-ға артып, 32,4 млн. АҚШ долларынқұрады.
Анықтама:
2017 жылдың 7 айында сауда айналым 39,1%-ға өсіп, 32,4 млн. АҚШ долларын құрады.
Экспорт – 19,3 млн. долл., өсім 90 % (10,6 млн.долл.).
Импорт – 13,1 млн. долл., 1,5%-ға төмен (13,3 млн.долл.).
2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қазақстанда грузиндіктердің қатысуымен 221 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген. Олардың 114-і жұмыс істейді.
2005 жыл мен 2017 жылдың 1 қыркүйегі аралығында Грузиядан Қазақстанға келген тікелей инвестиция ағыны 39 млн. АҚШ долларын құрады, ал, кері инвестиция 344,4 млн. АҚШ долларын құрады.
Тараптар екіжақтың қазіргі сауда-экономикалық ынтымақтастығын қосымша жандандыруға мүмкіндіктер барын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек өзара экспортты ілгерілетуге және экспорттық-импорттық тізілімді кеңейтуге күш салу керектігін айтты. Мысалы, Қазақстанда тәуелсіздік жылдары жаңа өндірістер пайда болды, жұмыс істеп тұрған зауыттар жаңғыртылды. Бізде халықаралық сапа стандартына сай келетін жаңа өнімдер шығарылып, алыс және жақын шет елдерге сәтті экспортталуда.
Қазақстандық тарап электровоздарды, автобустарды және басқа да коммуналдық техникаларды, сонымен қатар, өңделген агроөнеркәсіп кешен өнімдерін, металлургиялық өнеркәсіп пен құрылыс материалдарын және басқа да өнімдерді жеткізу ісін ұйымдастыруға мүдделі.
Бұдан бөлек, екі елдің іскерлік ортасының тікелей байланысын қалыптастыру, Грузиядан «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдігін ашу, «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының бағдарламасы бойынша ұзақмерзімді саудалық қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Екіжақты ынтымақтастықтың тағы бір маңызды саласы транзиттік-көлік әлеуетін күшейту мәселесі.
Жалпы, экспорттық-импорттық бағытта жүк ағыны көлемінің өсімі байқалып отыр. Осыған орай, транзиттік тасымал көлемін арттыру шаралары қолданылуда.
Халықаралық Транскаспийлік көлік бағыты (ХTКБ) аясында 2016-2017 жылдары «Номад Экспресс» пилоттық контейнерлік пойыздарды және Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия (Ляньюньган (ҚХР)-Достық-Ақтау-Баку порты (Алят) (Әзірбайжан)-Батуми/Поти (Грузия)-Ыстамбұл (Туркия) ХTКБ бойынша түрлі жүктерді тұрақты жіберу контейнерлік қызметі жолға қойылды.
Контейнерлермен жүк тасымалдау үшін шығындар мен шарттарды оңтайландыруда, сондай-ақ, Шығыс Еуропа, Балтық жағалауы мен Украина елдерінен ХTКБ бағыттарында көлік қызметтерінің тартымдылығы мен клиентке бағдарлануын арттыру үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Тараптар келесі Үкіметаралық отырысты 2018 жылы Астана қаласында өткізуге уағдаласты.
Үкіметаралық отырыстың қорытынды хаттамасына Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Грузияның экономика және тұрақты даму министрі Георгий Гахария қол қойды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/27158?lang=kk