Үздіктер марапатталды
10.04.2025 16:50:38 1499Павлодарда педагогикалық қызметкерлердің облыстық конференциясы өтті. Аймақ басшысы Болат Бақауов үздік білім беру ұйымдарына 50 миллион теңге көлеміндегі арнайы грант табыстады.
Конференцияға білім беру ұйымдарының ұстаздары мен директорлары, педагогика саласының ардагерлері, облыстық басқармалардың басшылары, ЖОО-ың ректорлары, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Отырыстың пленарлық бөлімінде баяндама жасаған білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова өткен оқу жылының қорытындысымен таныстырып, білім беру жүйесінің қазіргі жағдайдағы даму жолдары туралы айтып берді.

21 мұғалім облыс әкімінің құттықтау хаттарына ие болса, 8 ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің атынан «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» атындағы жоғары ведомстволық наградаларға ие болды. ҰБТ бойынша жоғары нәтиже көрсеткен «Жас Дарын» облыстық мамандандырылған мектебі марапатталды. Қалалар бойынша үздік нәтиже Павлодар қаласының білім беру бөлімі көрсетсе, аудандар бойынша Шарбақты ауданының білім беру бөлімі көш бастады.
– Білім беру саласындағы ұлттық рейтингте республика бойынша бірінші орынға шығу оңай шаруа болған жоқ. Павлодарлық ұстаздар мен білім беру жүйесі басшылығының қажырлы еңбегінің арқасында бұл орын бізге бұйырды, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Осы жылы біз үздік ұстаздарға автомобиль кілттерін сыйлайтын дәстүрімізден ауытқып, бірнеше жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан төрт үздік білім беру мекемелеріне 50 миллион теңге көлеміндегі облыс әкімінің грантын беруді ұйғардық. Менің ойымша, бұл сыйлық аймақтың әрбір ұстаздар ұжымына білім белестерін бағындырып, оқушыларға сапалы білім беруге ынталандырады.
Аймақ басшысының алғаш рет тағайындалып отырған грантына Павлодар қаласының №122 мектепке дейінгі гимназиясы, «Жас дарын» облыстық мамандандырылған мектебі, Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылдық округінің Үштерек жалпы орта білім беру мектебі және Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледж ие болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/11005?lang=kk