Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова Қарағанды қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова Қарағанды қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

10.04.2025 16:57:41 341

Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  Тамара Дүйсенова өңірдің бірқатар нысандарында болды, селолық округтердің тұрғындарымен кездесіп, оларға әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселесі бойынша түсіндірулер берді.

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу күн тәртібіндегі басты мәселе болғандықтан, ведомства басшысы Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығына барып, осы мәселе бойынша консультанттар мен ассистенттердің барлық сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар, жұмыс сапарының басты мақсатының бірі облыс кәсіпорындарында жұмыскерлер ағынына байланысты ахуалмен танысу болды.

Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет Басшысы Үкімет пен әкімдіктердің алдына кәсіпорындарды жаңғыртудың нәтижесінде туындайтын еңбек ресурстары ағынын басқару үшін жағдай жасау міндетін қойды. Президент ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірге тиісті «Жол карталарын» жасаулары керектігін атап көрсетті.

Соған байланысты, Еңбекмині  Тамара Дүйсенованың бастамасымен «Арселор Миттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС өкілдерінің қатысуымен бірлескен кеңес өткізілді. Еліміздің ірі өңірлерінің бірі болып табылатын Қарағанды облысы кадрлар ағынын басқару бойынша пилоттық жобаны енгізу орны болып отыр.

«Бүгінгі күнде өңірімізде жүйе құраушы кәсіпорындармен Жол карталарын жасау бойынша жұмыс басталды. Жұмыскерлер босатылған немесе қосымша қажеттіліктер туындаған жағдайда бірлескен іс-әрекеттер талқылануда. Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін өңірлік штаб құрылды» - деп атап көрсетті Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Жаңа технологиялар енгізілумен дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босатылатын болады. Соныменқатар жаңа индустрияларды құру мен дамыту азаматтарды жұмысқа орналастыру мен олардың нақты кірістерін арттырудың қосымша көзі болуы керек.

Мысалы, қысқартылған жұмыскерлерді қайта даярлау мен оларды одан әрі жұмысқа орналастыруды инвестициялау қарастырылуда. Сол сияқты еңбек күші көп өңірлерден, ауылдық жерлерден қалаға жұмыс күштерін тарту үдерісіне қолдау жасалады.

Бүгінгі күнде Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалау мен барлық бос жұмыс орындары мен елді мекендер бойынша бірегей онлайн-платформалар құруға кірісті.

 «Жол картасы бірінші кезекте олар үшін жаңғыртулар нәтижесінде туындайтын әлеуметтік қатерлерден қорғайтын жақсы құрал болады деп санаймын. Мемлекет орталық және жергілікті деңгейлерде қысқартулар және кадрларға қосымша қажеттіліктер болған жағдайларда қолдау көрсетуге дайын. Жұмыскерлерге де, қажет ететін кәсіпорындарға да нақты қолдау көрсетілетін болады» - деп түйіндеді министр.

Тамара Дүйсенова Қарағанды облысының алаңында пилоттық Жол карталарын іске асыру бұл бағыттағы маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеріне сенім білдірді.

Өңірге жұмыс сапарының қорытындылары бойынша министрдің төрағалығымен облыс әкімдігінде қала және аудан әкімдері мен олардың орынбасарларының қатысуымен қорытынды кеңес өткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/15949?lang=kk