Алимент төлемеудің жауапкершілігі бар
11.04.2025 21:17:50 1952Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінде қазіргі таңда 970 адам есепте тұр. Олардың ішінде 19-ы – кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып, сот үкімімен жазаланған тұлғалар.
Алимент өндіру – бұл тек заңдық міндет қана емес, ата-аналық жауапкершілік. Алайда кейбір азаматтар бұл жауапкершілікті орындамай, салдарынан қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Пробация қызметінің инспекторлары сотталғандардың алимент бойынша қарыздарын өтеуін тұрақты түрде бақылауда ұстап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету арқылы олардың ресоциализациясына ықпал ету шаралары қабылдануда.
Мысалы, Жаңаөзен қалалық пробация қызметінде есепте тұрған М. есімді азамат кәмелетке толмаған қызына алиментті уақтылы төлемеген. Оның жалпы берешегі 3 миллион теңгеден асып кеткен. Жұмысынан шығып қалғанымен, жұмыссыз ретінде тіркелмеген. Сот үкімімен ол 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту түріндегі жазаға кесілді.
Тағы бір есептегі азамат – С. есімді борышкердің де жағдайы осыған ұқсас. Оның алименттік берешегі 2 миллион теңгеден асады. Екі баласы бар, алайда өз міндетін орындамағаны үшін сот шешімімен 1 жыл мерзімге бас бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды.
Пробация қызметінің басты мақсаты – сотталған тұлғаларды қоғамнан оқшауламастан түзету, оларды қайта әлеуметтендіру және қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу. Бұл бағытта пробация қызметі түрлі мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, есептегі тұлғалармен кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Алимент төлеуден жалтару – тек заң бұзушылық емес, баланың тағдырына жасалған қиянат. Сондықтан әр ата-ана өз жауапкершілігін сезініп, заңмен белгіленген міндеттерін орындауы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-mangystau/press/news/details/972922?lang=kk