Қазақстанның Сыртқы істер министрі Италия Сенатының депутатын қабылдады
12.04.2025 09:49:30 319АСТАНА, 2018 жылғы 18 маусым – Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған кең ауқымды реформалардың іргетасы. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға келген итальяндық делегациямен кездесуінде мәлімдеген болатын. Кездесуге Италия Парламенті Сенатының депутаты Роберто Рампи мен Адам құқықтары жөніндегі федерацияның төрағасы Антонио Станго қатысты.
Сыртқы істер министрінің айтуынша, Италиямен қарым-қатынастың стратегиялық сипаты, өзара толықтырушы экономикалық әлеует, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі ұстанымдарының ортақтығы, өркениеттер мен діндер арасындағы диалог және халықаралық терроризммен күрес екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сұхбат барысында итальяндық тарап заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және адам құқықтарының сақталуына бағытталған институционалдық реформаларды жүзеге асыру барысымен егжей-тегжейлі танысты.
Қ.Әбдірахмановтың пікірінше, ұлттық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен атқарылып жатқан белсенді жұмыс Қазақстанның адам құқықтарын қорғау құндылықтары мен қағидаларын ұстаушылығын айғақтайды.
Депутат Р.Рампи Қазақстандағы құқық қорғау тетіктерінің жұмысына және олардың еліміздегі тұрақты даму мәселелеріне ықпал етуіне баға берді. «Біз бұл жерге үйрету үшін емес, бүкіл әлемде адам құқықтарының қорғалуына бірлесіп жағдай жасау үшін келдік», деді сенатор.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау үдерісін талқылады. Итальяндық сенатор Еуропалық Одақпен қарым-қатынастың жаңа сапалы күн тәртібінің негізін қалайтын бұл құжаттың ратификациялау үдерісін жеделдетуге қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді.
Италия делегациясының сапары бағдарламасы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімовамен, Бас прокуратура, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен кездесулерді қамтыды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/25824?lang=kk