Қазақстан Бейжіңде өткен ШЫҰ СІМК кездесуіне қатысты
12.04.2025 12:59:29 396БЕЙЖІҢ, 2018 жылғы 24 сәуір – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары үстіміздегі жылы маусымда Циндао қаласында өтетін ұйымның алдағы саммитінің күн тәртібін мақұлдады.
Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сыртқы істер министрлері Бейжіңдегі отырыстың барысында ШЫҰ-ның саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы одан арғы жұмысының міндеттерін талқылады, сондай-ақ Циндао декларациясының жобасын және ұйымның ағымдағы жұмыстарына қатысты басқа да шешімдерді қарастырды. Халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша байыпты пікір алмасылды. 2017 жылы маусымда Астана қаласында өткен ШЫҰ-ның Саммиті барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асыру барысы қарастырылды.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшы Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің көліктік бағдарларының жан-жаққа тармақталған жүйесін ескере отырып, автокөлік және темір жолдарын дамыту мәселесінің өзектілігін де атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесі мен ШЫҰ-ның Банкаралық бірлестігінің министрлік мәжілістері мен жұмыс топтарының тетіктері қамтылған неғұрлым ауқымды ынтымақтастыққа жан-жақты қосылуын қолдайтынын атап, сауда-экономикалық салада қабылданған құжаттарды түгендеуді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етуді ұсынды.
Отырыс қарсаңында делегация басшылары Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Ол қытай тарапы ШЫҰ-ның дамуына жәрдем етуді елдің сыртқы саяси басымдықтарының бірі ретінде қарастырады және ұйымға басқа мүше мемлекеттермен бірлесе саяси салада өзара қолдау көрсетуге, өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында ынтымақтастықты нығайтуға, гуманитарлық алмасуларды кеңейтуге және т.б дайын екенін білдірді.
Жалпы, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары ШЫҰ «шанхай рухына», яғни өзара сенімділікке, өзара тиімділікке, теңдікке, өзара консультацияларға, мәдениеттің алуан түрлілігін құрметтеуге және бірлесіп даму ұмтылысына сүйене отырып, өзін беделді халықаралық ұйымның жаңа түрі және халықаралық қатынастар жүйесінің маңызды қатысушы ретінде бекіткенін айтты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/26588?lang=kk