«Астана Операда» бір бөлімді балеттердің әлемдік премьерасы орын алмақ
12.04.2025 15:19:49 473«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова елордалық театрдың репертуарын әлемдік хореография жауһарларымен толтыруын жалғастыруда. А.Асылмұратованың бастамасымен көрермен қауымға балет әлемінің бірегей жаңашылдықтары ұсынылмақ. Айтулы балетмейстерлердің ерекше әрі теңдесі жоқ хореографиясы асқақ өнерді сүйетін жандардың көңілінен шығары сөзсіз.
«Заманауи хореография кеші» екі бөлімнен тұрады. Раймондо Ребектің «How long is Now?» («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір бөлімді балетінде көрерменді уақыт пен оның жекелеген сәттері туралы пәлсапалық ой-толғау күтуде.
Хореографтың сөзінше, өмірдің сан алуан кездерінде Қазіргі сәт әртүрлі уақытқа созылуы мүмкін. Ғашық жанға сүю сәті тоқтаусыз болып көрінер, ал махаббат азабы мәңгілік жадында сақталып немесе із-түзсіз өшуі мүмкін…
Р.Ребектің балетінде бишілердің үш жұбы адам өмірінің әр кезеңін бейнелейді. Дарынды хореограф уақыт ағымы мен оны сезіне білу мәселелерін хореографиялық әдістер арқылы зерттеуге бірегей талпыныс жасайды.
Хореография кешінің екінші бөлімінде – Ақтоты Райымқұлованың музыкасы мен Адам Капановтың «Аспан көші» либреттосының желісімен қойылған Ксения Звереваның «Sounds of Time» («Заман тынысы») бір бөлімді балеті.
Балеттің негізінде қос ғашықтың тарихы жатыр, олардың әкелері – кәдімгі қарапайым адам болса, аналары – аспан көшін кезген арулар. Көне сиқыр күшіне ие екенінен бейхабар бас кейіпкерлер Аңсар мен Нұрия таңғажайып оқиғаларды бастап кешіріп, алдарынан жақсылық пен жамандықты, махаббат пен өшпенділікті, қайсарлық пен өзімшілдікті кездестіреді. Дегенмен, сиқыр құдіреті мен уақыт тынысына толы осынау ғаламат оқиға қазіргі кезге ауысады. Қаһармандардың тылсым күштері мен сиқырлы бойтұмарлары басқа пішінге еніп, кейіпкерлердің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері бүгінгі таңдағы көрерменге әбден түсінікті болады. Спектакль қазіргі заманғы өмірді, оның өзекті мәселелері мен адамдардың өзара қарым-қатынасын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен олардың құндылықтарын бейнелейді. Осы арқылы қиял мен шынайылық шиеленіскен балеттің қанық сюжеті, қандай жағдай болса да, уақытқа бағынбайтын ең басты әрі маңызды идеяларға жетелейді.
Басталуы сағат 18.00-де.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/27123?lang=kk