Қ. Әбдірахманов Астана процесінің кепіл мемлекеттер министерлерінің отырысын ашты
12.04.2025 15:59:51 517Астана қаласы, 2018 жылғы 16 наурыз – Астанада Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу қатысуларымен Сирия бойынша Астана процесінің кепіл мемлекеттерінің министрлік отырысы өтті.
Отырысты ашу барысында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанада 2017 жылғы қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен басталған Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер процесі бейбіт өмірді қалпына келтіру үшін зор мүмкіндіктер ашып, зорлық-зомбылық деңгейін және қарулы қақтығыстар ауқымын едәуір қысқартуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Қиындықтарға қарамастан, Астана процесі жанжалдың барлық тараптарына өз пікірлерін білдіруге, ең бастысы, нақты қадамдар туралы келісуге мүмкіндік беретін тұғырнама ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Белгіленген төрт деэскалация аймағы мен атысты тоқтату режимін бақылау механизмі нәтижесінде елдегі зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге және Сирияның азаматтық тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік туды», - деді Қ.Әбдірахманов.
Қазақстандық дипломаттың айтуынша, Астана процесінің шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар қағаз түрінде қалмауы керек және барлық мүдделі тараптарды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2401 қарарын және мәнсіз қантөгіске жол бермеу үшін атысты тоқтату режимін сақтауға шақырды. Өкінішке орай, мұндай жағдай Шығыс Гутада орын алды. «Тараптар арасында тікелей және инклюзивті диалог арқылы ғана Сириядағы дағдарыстың түпкілікті шешілуіне қол жеткізуге болады», - деді министр.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бір жыл бұрын Ресей, Иран және Түркия құрған Астана форматының өзектілігі дәлелденгендігін мәлімдеді. «Астана процесінің басталуымен Астана халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – Сириядағы жағдайды реттеу туралы шешімдер қабылданатын маңызды тұғырнамаға айналды. Баспасөзде Қазақстан астанасының атауы аталған жағдайда, миллиондаған сириялықтар Астанаға үміт артады», - деді Сергей Лавров.
Кездесу барысында Иран, Ресей және Түркия сыртқы саяси ведомство басшылары Астана процесі басталған сәттен бері қол жеткізілген нәтижелер туралы пікір алмасты және Сириядағы жағдайды реттеу бойынша алдағы қадамдарды белгіледі. Кездесу қорытындысы бойынша министрлер бірлескен мәлімдеме қабылдады. Жуырда Астанада келіссөздердің сегізінші кезеңінің қорытындысы бойынша бекітілген тұтқындалғандармен және қаза тапқандардың мәйіттерімен алмасу, хабарсыз кеткендерді ісдестіру жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.
Отырыс аясында Қ.Әбдірахманов Иран және Түркия Сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер өткізді, олардың барысында қазақ-иран және қазақ-түрік қатынастарының өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран, Ресей және Түркия сыртқы саяси ведомстволарының басшыларын қабылдады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/27264?lang=kk