Малика Минизини: «Өнер ордасы – Абай атындағы МАОБТ сахнасында дебют жасау – біздер үшін үлкен мәртебе»
14.04.2025 09:33:44 616- Ұлттық операда өнер көрсету – әрдайым жауапты іс, себебі сен Қазақстанның мәдени өнерінің айтулы жетістіктерінің бірін лайықты ұсынып, композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамиди жасаған жауһар туындысын дұрыс интерпретациялауың қажет. Қарлығаш партиясы бойынша ұзақ жұмыс жасадым, бұл маңызды әрі актерлік тұрғыдан өте күрделі рөл. Менің кейіпкерім – әзіл-қалжыңды керемет түсіне білетін, ақылына көркі сай, кішіпейіл, нәзік. Қарлығаштың алғаш рет сахнада пайда болуы шаттық пен қуанышқа толы көңіл-күй қалыптастыруы қажет. Көкпай екеуміз қойылымға жаңа мерекелік леп әкелеміз, себебі Абай бізге беташар өткізіп, тойға дайындықты бастау бойынша тапсырма береді. Маэстро Алан Бөрібаевқа бізге артқан сенімі мен көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіргім келеді. Осы операны бірнеше рет орындаған әріптестерімізбен жұмыс жасау өте ыңғайлы болды, олар Ержан Саипов екеумізге құнды кеңестерін берді. Осы дебют гастроль аясында өнер ордасы – Абай атындағы МАОБТ сахнасында орын алғаны біз үшін аса маңызды, үлкен мәртебе, - деді өнер көрсетуінен кейін «Астана Опера» солисі Малика Минизини.
Опералық жауһар туынды кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің либретто желісімен жасалған. Хикаяның негізінде – ұлы қазақ ақыны, ағартушы әрі философ Абай Құнанбаев (1845-1904) өмірінің драмалық оқиғалары жатыр.
- Жолдасымыз екеуміз Абай атындағы МАОБТ-ның тұрақты көрермендеріміз. Бұл операны алматылық труппаның орындауында жиі естіп тұрамыз, бірақ бүгінгі спектакльдің есімізде ұзаққа сақталары айқын. Осы қойылымды ұлттық классика мәнінің шыңы деп атауға болады. Бір ғажабы, опера бастапқы авторлық нұсқаны сақтап қалған. Сахна төрінде керемет сәнді кітапхана айқара ашылған кезде көрермен қауымның шаттығы естіліп, зал ерекше таңданды! Әрине, біз жас вокалистерді бағаладық, бүгін орындаушылардың мықты құрамы өнер көрсетті. Олар өз партияларын нық сеніммен орындады, әртістердің дайындығы тамаша, - деп атап өтті Азамат пен Динара Саликовтар.
Еске салар болсақ, бүгін басты партияларды орындағандар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Жанат Шыбықбаев, Айдар рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова. Қарлығаш – халықаралық байқаулардың лауреаты Малика Минизини. Көкпай – Ержан Саипов, Сырттан – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Болат Есімханов және т.б.
Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев, «Астана Опера» бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы режиссер – Джанкарло Дель Монако (Италия).
«Астана Операның» Алматыдағы гастролі 10-18 ақпан күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру») бағдарламасы аясындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» халықаралық жобасы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/29225?lang=kk