Шетелге шығуға салынған тыйымдардың бар/жоғын @EgovKzBot арқылы тексеруге болады
14.04.2025 09:34:47 1437Шетелге шығуға салынған тыйымдардың бар/жоғын @EgovKzBot арқылы тексеруге болады
Кезекті еңбек демалысы қарсаңында шетелде демалып, туристік сапарға шығуды жоспарлаған қазақстандықтар алдын ала борышкерлер тізілімінде бар/жоғын тексергені абзал.
Мұны азаматтар бірнеше тәсіл арқылы тексере алады. Солардың бірі – Telegram қосымшасындағы @egovKzBot. Бот қызметін таңдағаннан кейін пайдаланушы «Борышкерлер тізілімі және шет елге шығуға тыйым салынулар бойынша тексеру» сервисіне өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі қажет. Борышкерлер тізілімінде болмаған жағдайда, автоматтандырылған ақпараттық жүйе берілген ЖСН бойынша ешқандай деректердің табылмағаны жөнінде хабарлама жібереді. Бот арқылы сапарға бірге шығатын туысқандарыңыздың не достарыңыздың да берешегін тексеруге болады. Керекті ақпарат сұрау жіберілгеннен кейін бірден көрсетіледі.
Айта кетейік, бір жыл бұрын іске қосылған @egovKzBot-ты 300 мыңға жуық қазақстандық қолданып үлгерді. Бот қызметін пайдалану үшін қазақстандықтар мобильді азаматтар базасында тіркелуі шарт. Бүгінде ол базаға 6,8 млн адам өз мәліметтерін енгізген.
Сонымен қатар электронды цифрлық қолтаңба иелері egov.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы айыппұлдардың барын тексеріп, берешек анықталған жағдайда, портал арқылы қарызын өтей алады.
Естеріңізге салайық, Қазақстан аумағынан тыс жерге шығуға шектеу салықтар, айыппұлдар немесе басқа адамдар алдында сотқа жүгінуге дейін апарған қарыздар, алименттер, сонымен қатар коммуналдық қызметтер бойынша берешектері барларға қойылуы мүмкін.
Мобильді азаматтар базасына жыл басынан бері
1 млн адам тіркелді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2019 жылдың алғашқы төрт айында 1,1 млн аса азаматты мобильді азаматтар базасына тіркеді. Осылайша аталмыш базаға тіркелген қазақстандықтардың саны 6,8 миллионға жуықтап отыр.
Мобильді азаматтар базасына тіркеу ерікті түрде жүргізіледі, мұнда азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефон нөмірі байланыстырылып, базаға енгізіледі. Бұл арқылы дерекқорда жеке мәліметтері бар адамдар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай, бірнеше мемлекеттік қызмет пен сервисті онлайн түрде ала алады. Мәселен, базаға тіркелгендер egov.kz порталының құпиясөзін ұмытқан жағдайда, ұялы телефондарына бірретік құпиясөзге сұрау жібере алады. Смартфондағы mgov.kz қосымшасының 81 түрлі қызметін қолдана алады. Жаңа босанған аналар проактивті қызмет аясында, бала туылған шақта жіберілген смске жауап беру арқылы туу куәлігі мен жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, бөбекті балабақша кезегіне қоя алады. Сонымен қатар базаға тіркелген азаматтар telegram-дағы egovkzbot көмегімен 25 қызметті емін-еркін қолдана алады. Бұл сервис ұялы телефон арқылы мекенжай, соттылықтың болмауы, диспансерлердің есебінде тұрмау туралы, жылжымайтын мүліктің болу/болмауы сияқты бірқатар анықтаманы алып, дәрігер қабылдауына жазылуға, ХҚО кезегін онлайн брондауға, айыппұлдардың бар/жоғын тексеруге мүмкіндік береді. Аталмыш бот 2018 жылы іске қосылды. Осы уақытқа дейін оны 300 мыңға жуық адам қолданып, 162 мың рет мекенжай анықтамасын алып үлгерді.
Қазақстандықтар мобильді азаматтар базасының тізімінде тіркелген/тіркелмегенін egov.kz порталы арқылы тексере алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-kerbulak/press/news/details/33640?lang=kk