Вашингтонда ҚР мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірінші жоғары деңгейдегі кездесу өтті

Вашингтонда ҚР мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірінші жоғары деңгейдегі кездесу өтті

14.04.2025 09:35:16 341

ВАШИНГТОН, 2019 жылғы 18 қазан - ҚР мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірінші жоғары деңгейдегі кездесуі өтті. Қазақстандық тараптан комиссияның тең төрағасы - ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, американдық тараптан – АҚШ Сауда министрі Уилбур Росс.

Комиссия отырысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Д.Трамптың 2018 жылғы қаңтарда Вашингтонға ресми сапары кезінде қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, сондай-ақ ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы қыркүйекте Нью-Йорк қаласындағы іскерлік кездесулері аясында өтті. 

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниеттерін растап, өзара сауда мен инвестициялардың өсуін ризашылықпен атап өтті. Сонымен қатар, ҚР Сауда министрлігінің басшысы қазақстандық экспортты ұлғайту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екендігіне назар аударды. Мәселен, қазіргі уақытта шамамен қосымша 1 млрд. АҚШ долл. жуық 50 тауар американдық нарыққа жеткізілуі мүмкін.

Тараптардың пікірінше, жоғары деңгейдегі екіжақты байланыстардың айқын динамикасы екі елдің экономикалық өсуіне және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Министрлер ірі бірлескен инвестициялық және коммерциялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп, жоғары технологиялар, туризм және ғарышты коммерцияландыру саласындағы перспективалық бағыттарын айқындады.   

Отырыстың күн тәртібінде көпжақты механизмдер шеңберіндегі, соның ішінде ДСҰ мен ЭЫДҰ аясында өзара іс-қимыл мәселелері болды. 

Жоғары деңгейдегі топтың тең төрағалары АҚШ-тың Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы мен "Астана" Халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін өзара тиімді пайдалану қажеттілігін атап өтті.

Кездесуден кейін Б.Сұлтанов пен У.Росс экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейдегі топтың екінші отырысын келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/33813?lang=kk