Қ.Ысқақов: Мерзімінде жүзеге асырылмаған индустриялық жобалардың жерлері мемлекет меншігіне қайтарылады
14.04.2025 09:36:41 209«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Д. Ысқақовтың төрағалығымен «Индустриалды даму» бағытында партиялық тыңдау өтті. Аталмыш бағдарлама аясында Қызылорда, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.
Қармақшы ауданында бағдарламаның бірінші бесжылдығында «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» жобасы жүзеге асқан. Аталмыш жоба 2013 жылы пайдалануға берілген. Орталықтың жылына 1500 туристті қабылдауға мүмкіндігі бар. Ал, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында «Қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын ашу» жобасы іске асырылуда.
« І және ІІ бесжылдықтарда индустрияландыру картасына ауданнан 1 жобадан енгізілген, көрсеткіш төмен. Сонда 10 жылда екі ғана жоба. Биылғы жылдың басында «Дорстрой» серіктестігі «Қорқыт ата» кешенін жеке кәсіпкерге жалға берген. Бұл кәсіпорында жоспарға сәйкес 15 жұмыс орны құрылу керек болса, қазіргі таңда кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес 3 адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар, екінші жоба бойынша кәсіпорынның 6 жыл бұрын ашылғанын, жобалық қауаттылықты игергенін ескере отырып, қалған жұмыс орнының ашылуын бақылауға алыңыз»,- деп нақты тапсырма берді аймақ басшысы.
Шиелідегі индустрияландыру бағытындағы атқарылған жұмыстар турасында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы баяндама жасады. Бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында картаға 2 жоба енгізілген. ЖК «Палжанов» - кірпіш өндірісі, 2012 жылы іске қосылған, кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді. Ал, екінші жоба «Алтын бала-08» ЖШС – қамыс тақтайлар өндірісі. Құрылтайшылар арасындағы дау дамайға байланысты жұмыс уақытша тоқтатылып, өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен индустрияландыру картасынан шығарылған. Бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында ауданда құны 149,2 млрд.теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
«Неліктен бағдарлама аясында екі ғана жоба мақұлданған, басқа жобалар неге ұзақ қаралуда? Жеңіл және жиһаз өнеркәсіптері саласында мүлдем жоба қамтылмаған. Биыл 9 айдың қорытындысымен ауданда жеңіл өнеркәсібі саласында төмендеу байқалған. Осы кемшілікті жою үшін неге бағдарлама аясында жеңіл өнеркәсіп жобаларының қаржыландырылуы қамтамасыз етілмеген? Аудан әкімі бұл мәселені басты назарға алуыңызды тапсырамын»,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/34564?lang=kk