Байтақ елдің Балпық биі

Байтақ елдің Балпық биі

14.04.2025 09:37:50 1676

Байтақ елдің Балпық биі

Алматы облысы әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Текелі қалалық әкімдігі, Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық бөлімшесі мен «Үш бәйтерек» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Байтақ елдің Балпық биі» атты жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасы қалалық Мәдениет үйінде өтті.

Өз заманында ел бастаған көсемдер, батыр һәм ақылды данагөйлер халқын берекеге ұйытып, ерлікке жетеледі. Ел іргесін бекемдеп, өсіп-өркендеуге жол ашты. Солардың ішінде Балпық бидің ерлігі мен әулиелікгі жайында ел арасында таралған аңыздар аз емес. Балпықтың жаугершілік заманда сонау Сыр бойынан бір қауым елді бастап, Жетісу жеріне келуі және елін осындағы шұрайлы мекендерге қоныстандыруы, жерімізге көз алартып, шапқыншылық жасаған жауларға ерлікпен тойтарыс берген ерлігі, елін бейбіт заманға кенелдіріп, шаруашылыққа бастаған көреген көшбасшылығы халық ауыз әдебиеті арқылы бізге жеткен. Міне, аты аңызға айналған тарихи тұлғаның елге сіңірген еңбегін, өр рухын, ақылгөй көсемдігін өлеңмен өрнектеп, бүгінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасына республикамыздың жер-жерінен жолданған шығармалар аз болған жоқ. Соның ішінен іріктеліп, үздік деп танылған авторлар қаламызда өткен жыр мүшәйрасының финалына қатысып, өлеңдерін текеліліктердің алдында сарапқа салды.

Алдымен сөз алған қала әкімі Бахтияр Өнербаев халық үшін оның тарихының бейне, алып ағаштың тереңге тартқан тамырындай маңызды рөл атқара-тынын, кеңестер кезінде ата-бабаларымыздың мың-даған жылғы ерліктері мен адамзат өркениетіне қосқан жасампаз еңбектері қақпайға ұшырап, жоққа шығарылғанын тілге тиек етіп, тарлан тарихымызбен өзегімізді қайта жалғаған тәуелсіздігіміздің қадір- қасиетін бағалай білудің қаншалықты маңыздылығын алға тартты. Балпық би бабамыздың елшілдік рухы еңсемізді асқақтата түсетінін айтып, тарихтағы ұлы тұлғаларымызды ұлықтау, оны ұрпақ санасына сіңіру қажеттілігін еске салды. Баба рухын өлеңдеріне арқау еткен ақындарға сәттілік тіледі.

Мүшәйраға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облысы филиалы төрағасы, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы Туғанай Сламғалиқызы төрелік етті.

Мүшәйра шарты бойынша ақындар Балпық бидің өмірі, ел амандығы, жер бүтіндігі жолындағы ерен еңбегі жайында бір өлең, оған қоса еркін тақырыпта бір өлең оқыды. Көпшілік әрбір ақынды құлықпен тыңдап, қол соғып құрмет көрсетті. Қала өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, мүшәйраның салтанатын асыра түсті.

Мүшәйрада ақындардың жас санаты ескерілмей, ақындық дарынға маңыз берілді. Қазылар алқасының шешімімен жыр мүшәйрасының бас жүлдесі – 500 мың теңгені Талдықорған қаласынан Нүсіпбай Әбді-рахым қанжығасына байлады. Көкшетаудан келген, мүшайрадағы жалғыз ақын қыз Майра Тоқанова 1-орынды иеленіп, 350 мың теңге сыйақыны еншіледі. 2-орынды жеңіп алған өскемендік ақын Әскерхан Ақтай 200 мың теңгеге ие болды. 3-орынды талдықорғандық Мұхтар Күмісбек пен түркістандық Кәдірбай Ғалымнұр алып, әрқайсысы 125 мың теңгеден бөлісті. 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы талдықорғандық Әли Ысқабай, сарқандық Жомарт Игіман және түркістандық Нұрбол Құдайбергенге бұйырды.

Еліміздің әр өңірінен келген келген ақындар мүшәйрадан соң қаламыздың көрікті жерлерін аралап, көркем табиғатмызға тәнті болды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-tekeli/press/news/details/35476?lang=kk