Қазақстан мен Италия стратегиялық әріптестік рухында жемісті ынтымақтастықты нығайтуда
14.04.2025 09:38:30 363НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 14 қараша – Қазақстан мен Италия 2009 жылғы 5 қарашада Римде қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы екіжақты шарттың 10 жылдығын атап өтуде. Қазақстандық-итальяндық қатынастар үшін осы іргелі құжатты сәтті іске асыру мәселесін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Нұр-Сұлтанға жұмыс сапарымен келген Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Манлио Ди Стефано талқылады.
Тараптар екіжақты саяси ынтымақтастықтың жағдайы мен нығайту перспективаларын талқылап, халықаралық аренада өзара ықпалдастық бойынша ортақ ұстанымдарын растады.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылып, Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуеті, Қытайдың «Белдеу және Жол» бастамасын іске асыру тұрғысында Қазақстан, Қытай және Италия арасында өзара іс-қимылдың маңыздылығы аталып өтілді.
Италия Сенатының Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялауы жағымды қабылданды.
Сапар барысында итальян дипломаты «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовпен, Қаржы, Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерінің басшылығымен кездесулер өткізді.
Сонымен қатар, М.Ди Стефано «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірге ұйымдастырылған Қазақстан-Италия бизнес-форумында сөз сөйледі.
Анықтама: Италия Қазақстанның бүкіл әлемнің сауда серіктестері арасында екінші және ЕО елдері арасында бірінші орын алады. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 6,9 млрд АҚШ долларын құрады (оның ішінде экспорт - 5,9 млрд АҚШ доллар, импорт - 1 млрд. АҚШ доллар). Сонымен бірге, 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының экономикасына итальяндық тікелей инвестициялардың көлемі 5,8 млрд. АҚШ долларға жетті. Қазақстан Республикасында итальяндық қатысуымен 164 кәсіпорындары тіркелген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/35687?lang=kk