Қонаевтағы мектептерде ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталды

Қонаевтағы мектептерде ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталды

15.04.2025 17:54:42 1544

Қонаевтағы мектептерде ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталды

Бүгінгі Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күніне орай Қонаев қаласындағы білім беру ұйымдарында рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, ата-бабадан мирас болған дәстүрлер дәріптелуде.

Оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен барлық мектепте тұсаукесер рәсімі көрсетіліп, сахналанды. Бұл – баланың алғаш қадамын құтты қылып, жарқын болашағына ақ жол тілеудің белгісі. Мұғалімдер бүлдіршіндерге ата салтының терең мәнін түсіндіріп, оның тәрбиелік маңызын насихаттады.

Шеңгелдідегі Қ.Жалайыри атындағы №6 орта мектепте ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ерекше шаралар өтті. «Кимешектер шеруінде» әжелер ақ кимешек киіп, даналық пен ізгіліктің символы ретінде өскелең ұрпаққа тағылымды әңгімелер айтты. Ал «Батырлар керуенінде» оқушылар ерлік пен намысты ту еткен бабалардың даңқты жолын сахналық қойылымдар арқылы көрсетті.

Сондай-ақ балабақшаларда нәрестені бесікке салу дәстүрі дәріптелді. Бұл – сәбидің тыныштығы мен амандығын тілеп, өмірінің мәнді де мағыналы болуын қалаған аналардың ізгі ниетін білдіретін ерекше ғұрып. Сонымен қатар жас қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылған «Қолөнер жәрмеңкесі» өтті.

Бабадан қалған асыл мұра – салт-дәстүріміздің әрқайсысы терең мағынаға ие. Ол ұрпақтар сабақтастығын жалғап, халықтың рухани құндылығын нығайта түседі. Ұлттық мәдениетімізді дәріптеу – елдігімізді танытудың жарқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-qonaev/press/news/details/961235?lang=kk