ӘЗ НАУРЫЗ ТАРАЗДА КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ

ӘЗ НАУРЫЗ ТАРАЗДА КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ

15.04.2025 17:59:39 242

⚡️ Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласының қақ ортасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең ауқымда тойланды.

📍 Мерекелік думанды кеш «Құс қанатындағы Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Көрермендер халқымыздың салт-дәстүрін, көктемнің жаңаруын бейнелейтін әсерлі көріністерге куә болды. Әрі қарай, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

💫 Ұлыстың ұлы күніне арналған салтанатты жиын әсем ән мен әуезді күйге ұласты. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен арнайы шақырылған жұлдызды қонақтар – «Жігіттер» квартеті, «Қоңыр» тобы, Қырғыз Республикасының ел әртісі Саламат Садыкова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Гүлнұр Оразымбетова көпшілікке ұмытылмас музыкалық тарту жасады. Кеш жүргізушілері – Гүлнұр Оразымбетова мен Ғалымжан Кеңшілік мерекелік кештің шырайын аша түсті.

🔷 Наурыз мерекесінің сәні – ақшаңқан киіз үйлер. Орталық алаңда 12 киіз үй тігіліп, әрқайсысы өзіне тән дәстүрлі ойын-сауық бағдарламаларын ұсынды. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі «Зергерлер үйін» ұйымдастырып, онда зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Ал «Көркемсурет» галереясы халқымыздың мәдени мұрасын бейнелейтін түрлі картиналардан көрме ұсынды.

🎭 Өнерсүйер қауым үшін Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры мен облыстық орыс драма театрының артистері және облыстық халық шығармашылығы орталығы арнайы қойылымдар әзірледі. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындары мен спорттық жарыстар да ұйымдастырылып, мерекеге жиналған халықтың көңілін көтерді.

✅ Тараз төрінде аталып өткен Әз-Наурыз халқымыздың ынтымағы мен ырыс-құттың жаршысы болып, ұлыстың ұлы күнінің сән-салтанатын айшықтай түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/962869?lang=kk