ВЕНАДА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ВЕНАДА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ

15.04.2025 18:00:25 231

Қазақстан Республикасының Австриядағы Елшілігінің шақыртуымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Вена қаласында Наурыз мейрамына арналған Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жанындағы «Мұрагер» фольклорлық және «Інжу-Маржан» би ансамбльдерінің концерті өтті.

Вена филармониясының (Музикферайн) залында ұйымдастырылған іс-шараға дипломатия, мәдениет, бизнес, БАҚ және Австриядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Ең алдымен Қазақстанның Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхтар Тілеуберді, Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов және Австриядағы қазақтар қауымдастығының өкілі Анар Әділбекова құттықтау сөздерін сөйлеп, Наурыз мейрамының халықтар арасындағы өзара достық пен сенімнің символы екеніне тоқталып өтті.

Әрмен қарай атыраулық өнерпаздар ұсынған кеште қазақ ән өнерінің айрықша өкілдері – Ықылас, Есбай, Дәулеткерей, Қазанғап, Абай, Ғ.Құрманғалиев, Н.Тілендиев және Э.Сантеухини, Меркьюри, И.Штраус сынды шетелдік танымал композиторлардың шоқтығы биік шығармалары орындалды.

Австриялық көрермен алдында өнер көрсеткен – «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров, «Інжу-Маржан» би ансамблінің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Гүлвира Тұрақбаева.

Сонымен бірге, ансамбльмен тандемде және жеке орындауда республикалық конкурстардың лауреаты – дәстүрлі әншілер Жасұлан Базарбаев пен Алида Хуанова және күйшілер Айнур Сакупова мен Санжар Қатапов өнер көрсетті.

Тұтастай алғанда, Венадағы Наурыз тойы аясында Атырау филармониясының ұлттық өнерді паш етуі Австрия жұртшылығының ыстық ықыласына бөленіп, жоғары бағаланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-madeniet/press/news/details/963077?lang=kk