Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Армат Жалғасбайұлы Жетібай және Мұнайшы ауылдарында қоғамдық қабылдау өткізді
15.04.2025 18:05:50 264
⚜️Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Армат Жалғасбайұлы мен аудан әкімінің орынбасары Санат Теңелұлы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жетібай және Мұнайшы ауылдарын аралады.
⚜️Алдымен, департамент басшысы Мұнайшы ауылындағы қордаланған тарихи қалдықтарды жедел тазалау қажеттігін атап өтіп, қыркүйек айында тексеріс жүргізілетінін ескертті. Жетібай ауылындағы полигон аумағына бақылау жүргізіліп, тиісті ескертулер берілді. Сондай-ақ, «Жасыл белдеу» жобасын тиімді іске асыруды тапсырды және тарихи қалдықтарды тазалау жұмыстарының барысын қадағалады.
⚜️Сонымен қатар, «Jupiter Energy Pte. Ltd.» ЖШС, «BECTURLY ENERGY OPERATING» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ЭКО СЕРВИС НЕФТЕГАЗ» ЖШС өкілдерімен кездесу өткізіліп, қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
⚜️Қабылдау барысында Армат Жалғасбайұлы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаты тек сенбілік жұмыстарымен шектелмейтінін, басты назар экологиялық мәселелерді шешу мен тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізуге бағытталатынын атап өтті. Ол мекеме өкілдеріне тарихи қалдықтарды жою, сенбілікке белсенді қатысу, көгалдандыру және ауылдың архитектуралық келбетіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.
⚜️Өндірістік аймақтардағы экологиялық ахуал, табиғатты қорғау шаралары және қалдықтарды басқару мәселелері талқыланды. Департамент басшысы барлық мекемелерге қоршаған ортаны қорғау талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
⚜️Жиын соңында экология департаментінде мердігер мекеме экологтарының, аудан әкімдігінің өкілдерінің қатысуымен қосымша талқылау өткізілетіні хабарланды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/964875?lang=kk