«Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейтингтік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын әзірлеу туралы
15.04.2025 18:11:13 1724Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейтингтік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын (бұдан әрі – Заң жобалары) әзірледі.
Заң жобалары Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 6-бағыты 2-тармағының 2) тармақшасын орындау шеңберінде әзірленді. Оған сәйкес жергілікті рейтингтік агенттіктерді құру үшін тиісті жағдайлар жасау және оларды реттеу мен қадағалаудың оңтайлы режимін айқындау көзделген.
Заң жобалары «Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 907 қаулысына сәйкес әзірленді және кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің құқықтық жағдайы мен қағидаттарын белгілеуге бағытталған.
Сондай-ақ, Заң жобаларында мүдделер қақтығысын басқару, ақпаратты жария ету және кредиттік рейтингтік агенттіктерді корпоративтік басқару жөніндегі талаптарды белгілеу, сондай-ақ олардың қызметін бақылауды жүзеге асыратын органның өкілеттіктерін айқындау көзделеді.
Заң жобаларының толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 10 89
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/966495?lang=kk