Алматы қаласының әкімі Әуезов ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді
15.04.2025 18:55:59 242Шаһар басшысы қаладағы барлық ауруханалар мен емханаларға аудит жүргізілгенін мәлімдеді. Бұдан өзге шеткі аудандардың 6000-нан астам тұрғынын қамтитын денсаулық айлығы басталды. Мегаполистің шалғай аудандарында медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік пункттер мен амбулаториялар ашылуда.
Б. Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес аулалар мен жарығы жоқ учаскелерге баса назар аударылып, патрульдеу тәртібі қайта қарастырылды. Жаяу патрульдеудің маңыздылығын тілге тиек еткен қала әкімі кездесуде Әуезов ауданының тұрғындарына өтініш айтты. "Патрульдер аулаларға кіруі керек! Бұл бекітілген тәртіп. Егер аулаға кірмей кеткен полицейді байқасаңыз, маған хабар беріңіздер. Жаяу патруль аулаларды қамтуы тиіс", - деді ол.
Сондай-ақ, қала әкімі кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі жобалар туралы айтты. Аталған жоба аясында шеткі ауданның тұрғындары жеке бизнесін ашуға 2%-бен, ал орталықтың тұрғындары 7%-бен несие ала алады. Әркім өз бизнесін ашып, аяққа тұрып, қарызын қайтаруға мүмкіндік алмақ.
Бұл ретте шаһар басшысы Б. Сағынтаев әйелдер кәсіпкерлігінің тақырыбына жеке тоқталды. Естеріңізге сала кетейік, қала басшысының тапсырмасы бойынша әр ауданда "Бақытты отбасы" дейтін көпбалалы аналарды қолдау орталықтары ашылуда. Орталықтың жұмысы аясында "Іскер ана" бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама түрлі мәселелер бойынша, атап айтқанда, құжат жинау мен кеңес алу, тегін үйрету курстарынан өту бойынша көмек көрсетеді.
Кездесу үш сағатқа созылды. Күн тәртібіндегі мәселелер тұрғын үй шаруашылық, аулаларды абаттандыру мен жарықтандыру, аулалардағы қоғамдық қауіпсіздік пен ұрлық, қоқыс жинау, арық жүйесінің жұмысы, кәріз, қаңғырған иттер және т.б. болды.
Жалпы күнделікті мәселелерге қатысты 150-ге жуық сұрақтар қойылды. Қала әкімі жауапты тұлғаларға қала тұрғындары қойған әрбір мәселеге нақты жауаптар беруді тапсырды.
Апта сайын әр дүйсенбі де аудан және басқарма басшыларының тұрғындармен болған кездесулерде көтерілген сұрақтар мен өтініштердің қалай шешіліп жатқаны туралы есептері тыңдалмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/26232?lang=kk