Alkaloid фармацевтикалық компаниясы Қазақстандағы қызметін кеңейтуде

Alkaloid фармацевтикалық компаниясы Қазақстандағы қызметін кеңейтуде

18.04.2025 02:02:23 418

Скопье, 2025 жылғы 9 сәуір – Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов «Alkaloid» фармацевтикалық компаниясында болды.

Компанияның президенті және басқарушысы Живко Мукаетовпен кездесу барысында Елші Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаттағы, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктері туралы хабардар етті. 

Қазақстандық дипломат денсаулық сақтау саласы Қазақстанның инвестициялық даму күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Македониялық компанияның өкілдерін еліміздегі фармацевтикалық бизнес үшін бәсекелестік артықшылықтармен таныстырып, олардың ішінде аймақтық нарықтарға қол жеткізу, дамыған логистика, салық және кедендік жеңілдіктер сияқты артықшылықтар бар екенін айтты.

Өз кезегінде Ж.Мукаетов Елшіні Alkaloid компаниясының 88 жылдық тарихымен таныстырып, фармкомпанияның ағымдағы қызметі және оның алдағы жоспарлары туралы ақпаратпен бөлісті. Әлемнің 20 елінде тіркелген «Alkaloid», Қазақстан азаматтары үшін қосымша жұмыс орындарын құра отырып, Алматыдағы өз өкілдігін кеңейткенін хабарлады.  

Елші Alkaloid президентіне ү.ж. 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына ресми шақыру табыс етті.

Фармацевтикалық компанияға сапары барысында Қазақстан Елшісі компанияның еуропалық және халықаралық стандарттарға сай келетін өндірістік-технологиялық желілермен, зертханалары және ғылыми-зерттеу орталықтарымен танысты.

Анықтама: «Алкалоид» - 80 жылдан астам уақыт бойы медициналық препараттар, өсімдіктерге күтім жасау құралдары, косметика және тұрмыстық химия өнімдерін өндірумен айналысатын македониялық фармацевтикалық компания.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/976082?lang=kk