Қостанай облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі талқыланды

Қостанай облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі талқыланды

18.04.2025 04:52:27 242

15 сәуір күні Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының өкілдері және цифрландыру саласының мамандары қатысты.

Негізгі басымдық — сапа мен ыңғайлылық

Отырысты ашқан өңір басшысы мемлекеттік органдардың басты міндеті — электрондық қызметтерді жай ғана қолжетімді ету емес, олардың тұрақты, түсінікті әрі азаматтар үшін қолайлы болуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Адамдар үшін қызметтің онлайн болуы емес, оның шын мәнінде жеңіл әрі тиімді болғаны маңызды», — деді облыс әкімі.

Электрондық қызметтердің өсімі байқалады

Информатизация басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда облыста көрсетілетін электрондық қызметтердің үлесі 91%-дан 98,3%-ға дейін артқан. Әсіресе денсаулық сақтау саласында ілгерілеу бар — қазір талдау нәтижелерін алу, анықтамаларды рәсімдеу секілді қызметтерді «Дамумед» қосымшасы арқылы оңай алуға болады. Сонымен қатар, автокөлікті тіркеу, мекенжай бойынша тіркелу, жүргізуші куәлігін ауыстыру рәсімдері де едәуір жеңілдеген.

ХҚКО — жаңа кеңістік, жаңа стандарттар

Тұрғындар тарапынан ХҚКО ғимаратына (Тәуелсіздік көшесі, 46) қатысты көптеген шағымдар түскен. Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету бөлімдерін Тәуелсіздік көшесі, 114 мекенжайындағы кең әрі қолайлы ғимаратқа көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам көрсетілетін қызметтер аумағын екі есе ұлғайтып, автотұрақ мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әкімшілік блок Майлин көшесі, 2/2 мекенжайына көшіріледі. Облыс әкімі жаңа кеңселерді заманауи техникамен жабдықтауды «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына, ал ХҚКО-ларды жаңғырту тұжырымдамасын әзірлеуді облыстық цифрландыру басқармасына тапсырды. Құжат бір ай ішінде дайындалып, цифрлық даму министрлігіне жолдануы тиіс.

Бірыңғай төлем құжаты — 1 қыркүйекке дейін енгізіледі

Жиында сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты деректерді бір жүйеге біріктіретін республикалық «Бірыңғай төлем құжаты» жобасын өңірде енгізу мәселесі қаралды. Бұл тұрғындарға барлық коммуналдық қызметтерді бір жерден, екінші деңгейлі банктер арқылы онлайн төлеуге мүмкіндік береді. Қажет жағдайда қағаз түбіртек те беріледі.

«Азаматтар түрлі түбіртектер жинап, кезек күтуге мәжбүр болмауы керек. Барлығы бір жерде, қолжетімді және түсінікті болуы тиіс», — деді облыс әкімі.

Осыған орай облыстық энергетика және ТКШ басқармасына аталған жобаны 1 қыркүйекке дейін іске асыру тапсырылды.

Жауапкершілікті арттыру және сапаны бақылау

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық мемлекеттік органдардың басшыларына қызмет сапасын бақылауды күшейтуді, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды және заңбұзушылықтарға жол бермеуді тапсырды.

«Әрбір қабылданған шешіміміз бір сұраққа жауап беруі тиіс: бұл азаматқа жеңілірек, жылдамырақ, түсініктірек бола түсті ме?» — деп қорытындылады әкім.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының осы саладағы жұмысы жеке-жеке қаралатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/976742?lang=kk