Қазақстан мен Болгария серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді

Қазақстан мен Болгария серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді

18.04.2025 07:47:15 451

Астана, 2025 жылғы 16 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Болгарияның Қазақстандағы Елшісі Боян Хаджиевті қабылдады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Болгария арасындағы өзекті мәселелерді талқылап, алдағы жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындыққа, сондай-ақ саяси диалогты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Болгария Президенті Румен Радевтің биыл Қазақстанға ресми және іскер делегациямен бірге жасайтын сапарына дайындық барысын қарастырды.

Елшінің ақпараты бойынша Қазақстанға келуге және қазақ әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі көптеген болгар компанияларының арасында фармацевтика, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс, туризм, энергетика, соның ішінде атом және жаңартылатын энергетика салаларындағы компаниялар бар.

Дипломаттар екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі дамыту жолдарын, соның ішінде шарттық-құқықтық базаны кеңейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру тұрғысынан жан-жақты қарастырды.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне аса назар аударылды. Осыған байланысты биыл мамыр айында Софияда өтуі жоспарланған Қазақстан-Болгария Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысына дайындық мәселелері талқыланды (тең төрағалар – Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Болгарияның Экономика және өнеркәсіп министрі Пламен Дилов).

Кездесу қорытындысында тараптар Астана мен София арасындағы мазмұнды диалогты жалғастыруға және жан-жақты өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екенін растады.

Анықтама: 2024 жылы Қазақстан мен Болгария арасындағы тауар айналымы 375,2 млн АҚШ долларын құрады (оның ішінде Қазақстан экспорты – 303,6 млн доллар, импорты – 71,6 млн доллар). 2024 жылғы 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына 6,2 млн доллар көлемінде болгар инвестициясы тартылды, бұл жылдық мақсатты тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің (6,3 млн доллар) 98,4%-дан астамын құрайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/977446?lang=kk