Қостанай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті

Қостанай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті

18.04.2025 07:56:13 330

Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облыстық филиалы кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, Ассамблеяның 30 жылдығына орай атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы міндеттер талқыланды.

Жиынды ашқан өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті және тұрақты дамуды нығайтуға бағытталған жүйелі саясат жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қостанай облысы бұл бастамаларды өңірлік деңгейде табысты жүзеге асырып келеді. Негізгі басымдық – тұрақтылық, татулық және этностардың өңір дамуына толыққанды қатысуы.

– Экономикада, инфрақұрылымда, әлеуметтік салада қол жеткізіп жатқан жетістіктеріміз – ең алдымен, тұрақтылық пен қоғамдағы өзара сенімнің нәтижесі. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Ассамблеяның жұмысы арқасында өзара құрмет, түсіністік пен азаматтық жауапкершілікке негізделген орта қалыптасуда, – деді Құмар Ақсақалов.

Отырыс барысында өңірдің негізгі жетістіктері атап өтілді:

Өткен жылы облыста жалпы құны 126 млрд теңге болатын 7 ірі өндірістік жоба іске қосылып, 1 400 жаңа жұмыс орны ашылды;

АӨК саласында ірі сүт-тауарлы фермалар іске қосылып, ірімшік өндіру кешені мен «Кондитерлік астана» фабрикасының құрылысы басталды;

KIA автозауытын салу жұмыстары жүріп жатыр — бұл компанияның Оңтүстік Кореядан тыс алғашқы ірі жобасы;

Биыл 307 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған;

Газбен жабдықтау, электр станцияларын салу, жолдарды жөндеу жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде.

Облыс әкімі атап өткендей, Қостанай өңірінде қалыптасқан ішкі тұрақтылық пен этносаралық келісім – инвестиция тартудағы негізгі факторлардың бірі. Бүгінде өңірде 1400-ден астам шетелдік компания табысты жұмыс істеуде. Бұл – өңірдің ашықтығы мен сенімділігіне дәлел.

Ассамблея өз қызметі арқылы этностардың мәдениеті мен тілін сақтап, мемлекеттік тілді ілгерілетіп, біртұтас азаматтық қоғам құруға үлес қосып келеді. Бүгінде өңірде 9 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, «Мәміле» онлайн-клубы арқылы 16 мыңнан астам адам қазақ тілін үйреніп жатыр. «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасы балалар мен жастар арасында кең қолдау тапты.

Сондай-ақ Ассамблея жанындағы жастар қанатының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар жолы» жобасы еңбек ұжымдарын, оқушылар мен ауыл жастарын біріктіруде.

Кеңес соңында Құмар Ақсақалов Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай бірқатар азаматтарға мерекелік медальдарды табыстап, алғыс білдірді.

– Біз татулық пен бірлікті нығайтуға, өңірімізде тұратын барлық этностардың мүддесін ескеруге бағытталған бастамаларды әрі қарай да қолдай береміз. Тұрақты қоғам – дамудың берік негізі. Болашағымызды бірге қалыптастырамыз, – деді облыс әкімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/977479?lang=kk