Қазақстан СІМ-де Мьянма Елшісінен сенім грамоталарының көшірмелері қабылданды

Қазақстан СІМ-де Мьянма Елшісінен сенім грамоталарының көшірмелері қабылданды

18.04.2025 09:07:01 1254

Астана, 2025 жылғы 16 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Мьянма Одағы Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі (қоса атқарушы) Тит Линн Оунның сенім грамотасының көшірмесін қабылдады.

Ә.Бақаев Мьянманың дипломатын тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Министрдің орынбасары сондай-ақ Мьянмадағы жойқын жер сілкінісінің нәтижесінде қаза болғандар мен жарақаттанғандар санының артуына байланысты көңіл айтты.

Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылады. Сұхбаттастар БҰҰ, Азиядағы ынтымақтастық диалогы және басқа халықаралық алаңдар шеңберінде көпжақты форматтағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайындық білдірді.

Өз тарапынан Елші Қазақстан мен Мьянма арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға әзірлігін растады.

Кездесудің соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша байланыстарды сақтауға және ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/977724?lang=kk