Қонаев қаласында көктем көріктендіру және көгалдандыру жұмыстарымен басталды

Қонаев қаласында көктем көріктендіру және көгалдандыру жұмыстарымен басталды

18.04.2025 10:00:35 3246

Көктемнің келуімен Қонаев қаласында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру шаралары бастау алды. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбіліктер өтіп, ағаштар отырғызылып, ондаған тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылуда.

Наурыз айының басынан бастап облыс орталығында санитарлық тазалау мен көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл шараларға коммуналдық қызметтер, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және қала тұрғындары белсенді қатысуда.

Қала тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дархан Батыршаның айтуынша, көктем басталғалы бері Қонаев қаласында жеті рет жаппай сенбілік өткізілген. Оларға үш мыңнан астам адам қатысқан.

– Облыстық деңгейде ұйымдастырылған соңғы сенбілікте шамамен 20 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналды. Іс-шараға 800-ге жуық адам мен 18 арнайы техника жұмылдырылды, – деді бөлімнің бас маманы.

Сенбілік Іле өзенінің жағасында орналасқан тарихи ескерткіш – «Таңбалы тас» аумағында да өтті. Мұнда 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Тазалықпен қатар көгалдандыру жұмыстары да қарқын алуда. Жоспар бойынша 14 мыңға жуық ағаш, соның ішінде терек, қарағаш және қылқан жапырақты көшеттер отырғызылады. Қазіргі таңда олардың 4 мыңнан астамы қала көшелері мен аулаларына отырғызылды. Алдағы сенбіде 300-дей еріктінің қатысуымен тағы 500 түп ағаш отырғызу жоспарланған.

Ағаш отырғызу жұмыстарына алдын ала дайындық мұқият жүргізілуде. «Жасыл қала Қонаев» мекемесінің қызметкерлері топырақты қопсытып, аумақты тазартуда. Бригадир Ержан Бектасовтың айтуынша, негізгі күштер отырғызу учаскелерін дайындауға және абаттандыруға бағытталған.

Экологиялық шараға қалалық полиция да атсалысуда. Учаскелік инспекторлар қоғамдық тәртіпті қадағалап, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, қажет жағдайда тиісті шаралар қабылдануда. Қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.

– Қала тұрғындары мен қонақтарын қоқысты бей-берекет жерлерге тастамауға шақырамыз. Қаламыздың тазалығы – баршамызға ортақ міндет, – деп атап өтті учаскелік инспектор Данияр Дәулетияр.

Экология мен қоршаған ортаның тазалығы – әр азаматтың жауапкершілігі. Қонаев тұрғындары бұл жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін нақты ісімен дәлелдеп отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-zkh/press/news/details/977890?lang=kk