Қазақстандық делегация Ұлыбританиядағы бизнес пен инвесторлармен бірқатар кездесулер өткізді

Қазақстандық делегация Ұлыбританиядағы бизнес пен инвесторлармен бірқатар кездесулер өткізді

13.05.2025 01:22:25 44

Лондонға сапары аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Қуантыров пен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Ұлыбританияның жетекші компанияларының, қаржы институттарының және өнеркәсіптік сектор өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Сапардың басты мақсаты — инвестициялық ынтымақтастықты нығайту және Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторларындағы перспективалық жобаларды ілгерілету.

AstraZeneca компаниясымен кездесуде өндірісті локализациялау, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске қосу және білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелері талқыланды. Бұл жоспарларды елде британдық университеттер кампустарын ашу толықтырады.

London Stock Exchange кеңсесінде тараптар қазақстандық компаниялардың листингісін кеңейту, нарықтардың ашықтығы және капитал тарту құралдары, оның ішінде еурооблигациялар шығару перспективаларын талқылады. Astana Finance Days шеңберінде LSE өкілдерінің алдағы қатысуына ерекше назар аударылды.

Standard Chartered компаниясымен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері және ESG құралдарын қолдану арқылы тұрақты қаржыландыру механизмдері қаралды.

Eutelsat OneWeb компаниясы Қазақстанда спутниктік инфрақұрылымды орналастыруды аяқтап, жақын арада коммерциялық пайдалануға берілетінін растады. Бұл шалғай елді мекендерді цифрландыру және Орталық Азияда тұрақты телекоммуникациялық желі құру, сондай-ақ жолаушылар пойыздарындағы интернет сапасын арттыру мәселелеріне қатысты.

Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) кездесу барысында Қазақстандағы инвестициялық портфельді кеңейту, жеке секторды қолдау және жасыл энергетика, логистика және цифрландыру жобаларын іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

AREMCA компаниясы қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық таза энергия өндіру жобасын іске қосу бастамасын таныстырды. Қазақстандағы индустриялық аймақтар базасында британдық технологияларды қолдану перспективалары қаралды.

CarParkTransformer компаниясымен Қазақстанда 200-ден астам жол бойындағы сервис нүктелерін, оның ішінде электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын қамтитын көлік инфрақұрылымындағы смарт шешімдерді іске асыру мүмкіндігі қаралды.

Кездесулер қорытындысы бойынша Алибек Қуантыров британ бизнесімен жүйелі жұмыстың маңыздылығын және Ұлыбританияның Қазақстан үшін Еуропадағы негізгі әріптестердің бірі екенін атап өтті:

«Қазақстан мен Ұлыбритания өзара сенімге, өзара тиімділікке және орнықты дамуға негізделген стратегиялық серіктестікті қалыптастырып келеді. Біз британдық компаниялар тарапынан фармацевтика мен логистикадан бастап цифрлық шешімдер мен жасыл экономикаға дейінгі маңызды салаларда бірлескен жобаларға жоғары қызығушылықты көріп отырмыз. Біздің міндетіміз — мұндай инвесторлар үшін ашық, болжамды және ұзақ мерзімді ынтымақтастық платформасын қамтамасыз ету».

Тараптар салалық министрліктер мен компаниялар деңгейіндегі диалогты, сондай-ақ алдағы халықаралық форумдар мен салалық іс-шаралар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Дереккөз: https://invest.gov.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/993392?lang=kk